3 сағат бұрын
«Ордабасы» футболшылары Бразилияда тәжірибе жинақтайтын болды
Фото: «Ордабасы» футбол клубы
«Ордабасы» футбол клубының жас ойыншылары Әділбек Тұрдах пен Бақдиар Әбен Бразилияның әйгілі «Ботафого» клубында қаралымнан өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz
17 жастағы шабуылшы Әділбек Тұрдах пен 19 жастағы жартылай қорғаушы Бақдиар Әбен алғашқы күндері «Ботафогоның» U17 және U18 жасөспірімдер командаларымен бірге жаттығып, кейін U20 жастар құрамасының дайындығына қосылды.
Бұл сапар жас футболшыларымызға Бразилия футболының ерекшеліктерімен танысып, шетелдік тәжірибе жинауға және өз мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсетуге жол ашады.
Футболшылармен бірге Бразилияға «Ордабасы» негізгі командасының бас бапкер көмекшісі Фархат Жәнібеков, сондай-ақ физиотерапевтер Леандро Оливейра мен Фархад Режаметов те барды.
Клуб мамандары «Ботафогоның» футболшыларды даярлау жүйесімен, жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерімен, ойыншылардың физикалық дайындығын бақылау, жарақаттан кейін қалпына келтіру және оңалту әдістерімен танысуда. Сонымен қатар бразилиялық әріптестерімен тәжірибе алмасып, жаттықтырушылар мен медициналық штабтың күнделікті жұмысын зерделеп жатыр.
Айта кетейік, Леандро Оливейра «Ордабасыға» келгенге дейін ұзақ жылдар бойы «Ботафого» клубында еңбек еткен. Оның Бразилия футболындағы тәжірибесі мен клубтың жұмыс жүйесін жетік білуі екі тараптың мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Мұндай тәжірибе алмасу алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. 2025 жылы «Ордабасының» жас футболшылары Жасұлан Әмір мен Бағдәулет Нұралы да «Ботафого» клубында екі апталық қаралымнан өткен болатын.
Аталған сапарлар «Ордабасы» мен «Ботафого» футбол клубтары арасында жасалған және қазіргі уақытта қолданыстағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.
1904 жылы негізі қаланған «Ботафого» – Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы тарихы бай, атақты футбол клубтарының бірі. Команда Бразилия чемпионатында үш мәрте (1968, 1995, 2024) топ жарып, 2024 жылы Оңтүстік Американың ең беделді клубтық додасы – Либертадорес кубогын жеңіп алды.
Әр жылдары «Ботафого» сапында Гарринча, Нилтон Сантос, Диди және Жаирзиньо сынды әлем футболының аңыздары өнер көрсеткен.
Еске салсақ, UEFA Ұлттар лигасы плей-офф кезеңінің жеребесі тартылды.
Біздің серіктес: Sport12kz