2 сағат бұрын
ФИФА кибершабуылға ұшырап, 12 ГБ-тан астам дерек жарияланды
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) хакерлер шабуылына тап болды. Киберқылмыскерлер ұйымның 12 ГБ-тан астам құпия ақпаратын ұрлап, бопсалау әрекеті нәтиже бермеген соң деректерді желіге жариялаған.
Бұл туралы The Athletic басылымы хабарлады.
ФИФА жеке және қызметтік ақпаратқа заңсыз қол жеткізілгенін растады. Ұйым болған жағдайды құпиялылық талаптарының өрескел бұзылуы деп бағалап, құқық қорғау органдарымен бірлесіп тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Шабуылға Handsome Boy Hacking Club хакерлік тобы жауапкершілікті өз мойнына алды. Топ 12 ГБ-тан астам дерек ұрлағанын мәлімдегенімен, ФИФА ақпараттың нақты көлемін әзірге растаған жоқ.
Sky Sports журналисі Роб Харристің хабарлауынша, хакерлер FIFA Forward Enterprise (FFE) жобасына қатысты құжаттарға қол жеткізе алмаған.
Айта кетейік, шілде айында ФИФА президенті Джанни Инфантино ұйымның турнирлеріне қатысты коммерциялық құқықтарды басқаратын FIFA Forward Enterprise компаниясын құруды ұсынған еді. Жоба аясында компания акцияларының 20 пайызға жуығын инвесторларға 4,2 млрд долларға сату жоспарланған. Алайда бастамаға қатысты сыннан кейін ФИФА бұл жобадан бас тартты.
Қазіргі уақытта ұйым ұрланған ақпараттың нақты мазмұны мен деректердің таралуынан зардап шеккен адамдардың саны туралы мәлімет берген жоқ.
Біздің серіктес: Sport12kz