14 сағат бұрын
Алтыншы тур: Көшбасшылар жеңісті жолын жалғастырды

Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының 6 турында елең еткізе қоятын ойындар тіркеле қойған жоқ. Көш басында келе жатқан командалар үш ұпай олжалап, жағдайын жақсарта түсті. Өз алаңында «Жетісу» «Елімайға» ірі есеппен есе жіберсе, бірқатар клубтар әлі де жеңістің кілтін таба алар емес. Sport12kz аталған ойындарды тағы бір мәрте сараптап көрді.
Премьер-Лига
6 тур
26 сәуір
«Оқжетпес» (Көкшетау) - «Жеңіс» (Астана) 1:1 (1:0)
Голдар: Жұмат 44 (1:0), Адилио 55 (1:1)
Екі команда шеберлік деңгейі қатарлас. Сондықтан жанкүйерлер олардан тартысты матч күтті. Кездесу барысында қарсыластар терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Ойынның бірінші кезеңінде көкшетаулық клуб алғашқы болып есеп ашты. Алайда екінші кезеңде өз қақпасына гол жіберіп алды. Бұл ойыннан кейін «Оқжетпес» турнир кестесінде жетінші орынға көтерілсе, «Жеңіс» әлі де жеңістің кілтін таба алар емес.
«Жетісу» (Талдықорған) - «Елімай» (Семей) 0:3 (0:2)
Голдар: Одеоибо 2 (0:1), Плакка 45 (0:2), Мулич 64 (0:3)
Өткен турда талдықорғандық клубтың бас бапкері Самат Смақов төрешінің өрескел қателігін айтып, қазақ футболы жайында ашық білдірген еді. Сондай-ақ ол төрешілерге дөрекі әрекеті үшін төрт ойынға шеттетілді. Тағы бір айтатын нәрсе, екі жыл бұрын ол «Елімайды» бірінші лигадан алып шықты. Алайда Абай облысының басшылығы Премьер-лигада Андрей Карповичтің бас бапкер болуын мақұлдап, Самат еріксізден аталған қызметінен кетуге мәжбүр болды. Десе де кездесу барысында талдықорғандық клуб қарсыласына қауқар көрсете алған жоқ. Семейлік клубтың шеберлік деңгейі жоғары екені көрініп тұрды.
«Астана» - «Атырау» 2:1 (2:0)
Голдар: Чинеду 2 (1:0), Чинеду 45+1 (2:0), Сапанов 65 (2:1)
Бес ойын бойы қатарынан жеңілістің ащы дәмін татқан «Атырау» тәжірибелі қарсыласына қауқар көрсете алған жоқ. Ойын барысында елордалық клуб қарсыласын жиі мазалап, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Бірінші кезеңде екі мәрте қақпаны дәл көздей білген «Астана» екінші кезеңде тағы бір мәрте гол соқты. Осылайша атыраулық клубтың сәтсіздік сериясы әзірге тоқтаған жоқ.
«Ақтөбе» - «Ұлытау» (Жезқазған) 1:0 (0:0)
Голдар: Жан 76 (1:0)
Өткен турда сырт алаңда «Тобылдан» жеңіліп қалған ақтөбелік клуб жанкүйерлер алдында сол сәтсіздіктің кездейсоқ болғанын дәлелдеуге тырысты. Бірінші лигаға биыл қосылған жезқазғандық команда да олардың ығына жығыла қойған жоқ. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз гол екінші кезеңде соғылды. Бұдан кейін таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Ақтөбелік клуб алдағы ойындарда жеңісті жолын жалғастыруға ниет танытып отыр. Жергілікті жанкүйер сүйікті командасынан соны күтеді.
27 сәуір
«Қызылжар» (Петропавл) - «Қайсар» (Қызылорда) 2:1 (0:0)
Голдар: Себаи 68 (1:0), Зорич 73 (2:0), Султанов 80 (2:1)
Екі команда да әзірге жанкүйер көңілінен шығатын ойын көрсете алмай келеді. Десе де әзірге петропавлдық клуб ұпай қорын молайтуға мүмкіндік алып отыр. Сол арқылы турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Ал тек қазақстандық футболшыларға үміт артқан қызылордалық команда әзірге жеңістің кілтін таба алар емес. Алдағы турда үш ұпай олжалай ала ма? Енді олар 4 мамырда Қызылордада «Астана» командасын қабылдайды. Жылма-жыл көшбасшы командалар қатарынан көрініп жүрген ұжым олардың ығына жығыла қоя ма? Оны алдағы турда көретін боламыз. Бәлкім, қызылордалық клуб «Қайратпен» кездесудегі секілді тағы бір тосынсыйды сақтап отырған шығар...
«Ордабасы» (Шымкент) - «Тұран» (Түркістан) 1:0 (1:0)
Гол: Мораес 44 (1:0)
Орындалмаған пенальти: Жқмабек 41 (қақпашы)
Оңтүстік өлкенің қос командасы арасындағы жекпе-жекте кімнің жеңімпаз атануы жөнінде алдын-ала болжам айту қиын еді. Өйткені, түркістандық клуб биыл тәжірибелі футболшыларды қатарға қосты. Ал шымкенттік клуб былтырғы құрамнан біраз ойыншылармен келісімшартты аяқтады. Салдарынан биылғы біріншілікті сәтсіз бастады деуге болады. Бүгінгі кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Өткен турда да олар бір ғана гол соққан еді.
«Қайрат» (Алматы) - «Тобыл» (Қостанай) 2:1 (1:0)
Голдар: Громыко 4 (1:0), Жоржиньо 40 (2:0), Зуев 79 (2:1)
Орындалмаған пенальти: Зария 35 (штанга)
Алтыншы турдың басты ойыны Алматы қаласында өтті. Кездесуде екі команданың да жеңіске жету мүмкіндігі бар еді. Әсіресе, биыл алматылық клуб қайтадан бас жүлдеге қол созуға үмітті екенін білеміз. Кездесу барысында олар соған лайықты ойын көрсетті. Бірінші кезеңде қос гол соғып алған олар келесі кезеңде негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Есесіне өз қақпасына бір гол жіберіп алды. Қостанайлық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды.
