1 сағат бұрын
Ресей мен IIHF арасындағы дауға қатысты шешімді ICAS қабылдайды
Халықаралық спорттық арбитраж кеңесі (ICAS) Ресей хоккей федерациясы мен Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) арасындағы даудың әрі қарай қалай қаралатынын анықтайды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Словакиялық Sport.sk басылымының журналисі Мартин Тот Ваньоның мәліметінше, IIHF ұйымының апелляциясы бастапқы шешімнің күшін тоқтатпайды. Сондықтан Спорттық арбитраж сотының (CAS) бұған дейінгі үкімі әзірге қолданыста қалады.
Енді ICAS іс материалдарын зерттеп, қабылданған шешімнің күшінде қалатынын немесе істі қайта қарау қажеттігін анықтайды.
«ICAS барлық ақпаратты жинап, екі нұсқаның бірін қарастырады. Бірінші нұсқа – төрешілер біржақты болмаған, сондықтан шешім күшінде қалады. Екінші нұсқа – төрешілердің мүдделер қақтығысы болғаны анықталса, тыңдаулар басынан бастап өткізіледі», – деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін IIHF 30 қазанда Ресей құрамаларын халықаралық жарыстарға қайтару туралы шешім шығарған екі арбитрге қарсылық білдіріп, CAS-қа жүгінген еді. Федерацияның мәлімдеуінше, төрешілер бұған дейін Ресейде болған, алайда істі қарау басталғанға дейін бұл ақпаратты жария етпеген.
30 қазанда CAS Ресей тарапының апелляциясын қанағаттандырып, IIHF ұйымына Ресей құрамаларын халықаралық жарыстарға жіберуді міндеттеді. Соған қарамастан, федерация Ресейдің жастар құрамасын Канадада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына қатысушылар қатарына қосудан бас тартты.
Біздің серіктес: Sport12kz