4 сағат бұрын
Әйелдер хоккейінен әлем чемпионаты тағы да Швейцарияда өтеді
2028 жылы әйелдер арасындағы шайбалы хоккейден әлем чемпионаты Швейцарияның Цюрих және Фрибур қалаларында өтеді.
Бұл туралы Х әлеуметтік желісінде Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, биылғы әлем чемпионаты да осы екі қалада ұйымдастырылды. Турнир қысқы Олимпиада ойындары өтетін жылдарды қоспағанда, жыл сайын өткізіледі.
Әлем чемпионаты бірнеше дивизионға бөлінген. Құрамалар өз деңгейіне қарай топ-дивизионда және төменгі дивизиондарда өнер көрсетеді.
Биылғы жарыста АҚШ құрамасы чемпион атанды. Америкалық хоккейшілер бұл жетістікке 12-рет қол жеткізді. Канада құрамасы күміс жүлдегер атанса, Швеция қола медаль иеленді.
Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 1987 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін тек Канада мен АҚШ құрамалары ғана чемпиондық атақты жеңіп алған. Канада – 13, АҚШ 12 рет турнир жеңімпазы атанды.
Қазақстан құрамасы топ-дивизионда 2000 жылдан бері 16 рет бақ сынады. Ұлттық құраманың ең үздік нәтижесі – 2009 жылы иеленген алтыншы орын.
Біздің серіктес: Sport12kz