52 минут бұрын
«Барыс» бүгін сырт алаңда СКА-мен кездеседі
Бүгін, 27 қарашада, Санкт-Петербургте Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында СКА мен астаналық «Барыс» кездеседі, деп хабарлайды Sport12.kz.
СКА – «Барыс» матчының тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен сағат 21:30-да басталады.
Осы маусымда «Барыс» 30 матч өткізіп, 31 ұпай жинаған. Ал СКА 29 кездесуден кейін 30 ұпай еншілеп отыр.
Соңғы ойында «Барыс» өз алаңында череповецкілік «Северстальді» 2:1 есебімен жеңіп, қатарынан үш жеңілістен тұратын сериясын тоқтатты. Ал СКА өз мұз айдынында ярославльдік «Локомотивтен» 2:3 есебімен ұтылды.
Командалар соңғы рет 27 қыркүйекте Астанада кездесіп, сол ойында қонақтар 5:3 есебімен жеңіске жетті. «Барыс» СКА-ны соңғы рет 2021 жылғы 17 қазанда буллиттер сериясында 4:3 есебімен ұтқан. Содан бері командалар Құрлықтық хоккей лигасында тоғыз рет кездесіп, барлық матчта Санкт-Петербург клубы жеңіске жеткен.
Біздің серіктес: Sport12kz