4 күн бұрын
Қазақ күресі Азия ойындарына енуі мүмкін – министр
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс жасалғанын айтты.
Оның сөзінше, бүгінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан әлемнің 50-ден астам елінде федерациялар жұмыс істейді. Бұл туралы министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Қазіргі таңда елімізде 11 ұлттық спорт түрі бар. Бүгінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан әлемнің 50-ден астам елінде федерациялар құрылған. Жуырда Қазақстанға Азия Олимпиада кеңесінің бас хатшысы келеді. Біз қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу жөнінде өтініш бердік.
Тоғызқұмалақ та елімізде және халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді. Бұл спорт түрінен әлем және Азия чемпионаттары тұрақты түрде өткізіледі. Алдағы уақытта тоғызқұмалақты да халықаралық кешенді спорт жарыстарының бағдарламасына енгізуге күш саламыз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Біздің серіктес: Sport12kz