8 сағат бұрын
UFC Сауд Арабиясындағы турнирдің басты кардындағы жекпе-жектерді жариялады
UFC ұйымы 5 желтоқсанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін UFC Fight Night 295 турнирінің негізгі кардындағы жекпе-жектер тізімін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ұйым Instagram парақшасында алты жекпе-жектің постерін ұсынды. Кештің басты кездесуінде орта салмақтағы UFC-дің бұрынғы екі дүркін чемпионы, жаңа зеландиялық Исраэль Адесанья (24-6) ресейлік Шарабутдин Магомедовпен (17-1), яғни «Шара Буллетпен» кездеседі. Адесанья дивизионның жаңартылған рейтингінде тоғызыншы орында болса, Магомедов 15-сатыда тұр.
Кештің басты жекпе-жегінің алдында жартылай орта салмақта бес раундтық кездесу өтеді. UFC рейтингінде бірінші орында тұрған ирландиялық Иэн Мачадо Гэрри (17-2) украиналық Ярослав Амосовпен (30-1) күш сынасады. Амосов рейтингтің 11-сатысында орналасқан.
Айта кетейік, Гэрри бұған дейін қазақстандық Шавкат Рахмоновтан (19-0) және қазіргі дивизион чемпионы Ислам Махачевтен (29-1) жеңілген. Ал Bellator ұйымының бұрынғы чемпионы Амосов UFC-ге ауысқаннан кейін өткізген екі жекпе-жегінде де жеңіске жетті.
Кештің үшінші маңызды кездесуінде ауыр салмақта молдовалық Сергей Спивак (18-7) пен жеңіліп көрмеген португалиялық Марио Пинто (13-0) жұдырықтасады. Спивак рейтингте тоғызыншы, ал Пинто 15-орында тұр.
Сондай-ақ жартылай орта салмақта грузиялық Леван Чохели (15-3) мен Германия атынан өнер көрсететін Ислам Дулатов (12-1) кездеседі.
Жеңіл салмақта бразилиялық Майрон Сантос (18-1) қырғызстандық жеңіліс көрмеген Акбар Абдуллаевпен (14-0) жұдырықтасады. Негізгі кардтағы тағы бір жекпе-жекте жартылай ауыр салмақтағы ресейлік Магомед Тучалов (7-0) UFC ардагері, молдовалық Ион Куцелабамен (20-12-1) кездеседі.
Осылайша, Сауд Арабиясындағы турнирдің негізгі кардында посткеңестік елдердің бірнеше өкілі өнер көрсетеді. Адесанья үшін бұл кездесу қатарынан төрт жеңілістен кейін жеңіске оралуға мүмкіндік болса, «Шара Буллет» мансабындағы ең айтулы жеңістерінің біріне қол жеткізуге тырысады.
Біздің серіктес: Sport12kz