2 сағат бұрын
Әділ Боранбаев ресейлік экс-чемпионды сенсациялық түрде жеңді
Қазақстандық файтер Әділ Боранбаев (23-13-1) Мәскеуде (Ресей) өткен Fight Nights 145 турнирінде ресейлік Дмитрий Бикревпен (16-4) жекпе-жек өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Жартылай орта салмақта өткен үш раундтық кездесуде Боранбаев төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Айта кетейік, бұл жекпе-жекте айқын фаворит ретінде Бикрев саналған. Бірінші раундта төреші Боранбаевтан бір ұпай шегерсе, үшінші раундта Бикрев те бір ұпайынан айырылды.
Осылайша, Әділ Боранбаев ММА-дегі кәсіби мансабындағы 24-ші жеңісіне қол жеткізді. Ал Дмитрий Бикрев бесінші рет жеңіліс тапты.
Бастапқыда Бикрев өз отандасы Артур Пронинмен (20-9) жұдырықтасуы керек болған. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты турнирден шығып қалды.
Айта кетейік, Дмитрий Бикрев бұған дейін Fight Nights лигасының жартылай орта салмақтағы чемпионы атанса, Әділ Боранбаев Alash Pride лигасында жеңіл салмақта чемпиондық белбеуді иеленген.
Біздің серіктес: Sport12kz