5 сағат бұрын
Геннадий Головкин Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа ҰОК орденін табыстады
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров спорттағы жоғары жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің ең жоғары марапаты – ҰОК орденіне ие болды.
Марапаттау рәсімі 25 қарашада Астанада өткен Ұлттық олимпиада комитетінің Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылды. Орденді спортшыға ҰОК президенті Геннадий Головкин табыстады.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылы Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Оның жеңісі еліміздің қысқы Олимпиада тарихындағы 32 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы алтын жүлдесі болды.
Бас ассамблея соңында отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қосқан өзге де азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Данияр Қасқарауов пен Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов I дәрежелі құрмет белгісіне ие болды.
Ал ауыр атлеттер Александр Уваров пен Алексей Чуркин, таеквондошы Тамирлан Тілеулес, сондай-ақ Олжасхан Уәлихан мен Елдос Ахметов II дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды. Таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы Айым Серікбаева ҰОК Құрмет грамотасын алды.
Біздің серіктес: Sport12kz