10.11.2026
Бокстан ұлттық құраманың психологы Әсем Абдрешева: Спортшыны үлкен жарысқа ғана емес, күнделікті жаттығудың өзіне жауапкершілікпен қарауға үйрету керек
Қазақстан бокс федерациясы
Қазақстанда ең танымал спорт түрлерінің бірі саналатын бокстан ұлттық құрамада тамыз айынан бері Әсем Абдрешева спорт психологы ретінде жұмыс істейді. Осы орайда Sport12.kz тілшісі маманмен сұхбаттасып, еліміздегі спорт психологиясының маңызы, боксшылардың психологиялық ерекшеліктері, ұлттық құрамамен жұмыс және спортшылардың жарыс алдындағы дайындығы туралы әңгімелесті.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының спорт психологы ретінде қашан жұмысқа кірістіңіз? Алғаш рет ұсыныс түскенде оны қалай қабылдадыңыз?
– Менің ұлттық құрамадағы жұмысым бірден ересектер құрамасынан басталған жоқ. Алғашқы тәжірибемді бокстан кіші жасөспірімдер құрамасында жинадым. Сол кезеңде кіші жасөспірімдер құрамасының бас бапкерлері өздері ұсыныс білдіріп, мені спортшыларды жарыстарға психологиялық тұрғыдан дайындауға шақырды.
Біз жарыс алдындағы қысқа мерзімді дайындық кезеңдерінде бірлесіп жұмыс жүргіздік. Бұл тәжірибе шамамен 2-3 жыл қатарынан жалғасты. Осы уақыт ішінде спортшылармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктерін, олардың жарыс алдындағы психологиялық жағдайын, қобалжуын, жауапкершілігін және жеңіске деген ішкі дайындығын тереңірек түсінуге мүмкіндік алдым.
Ал биыл көктемде Қазақстан бокс федерациясы тарапынан ұлттық құрама деңгейінде жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Өзара кәсіби әңгімелесу мен келісім нәтижесінде тамыз айынан бастап, Қазақстан ұлттық құрамасының спорт психологы ретінде ресми түрде жұмысқа кірістім.
Әрине, бұл ұсынысты қуана әрі үлкен жауапкершілікпен қабылдадым. Себебі, ұлттық құрамада жұмыс істеу тек жекелеген спортшыларға психологиялық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар ел намысын қорғайтын жоғары деңгейдегі спортшылардың жарысқа психологиялық дайындығын қамтамасыз етуге үлес қосу деген сөз. Мен үшін бұл осы саладағы көпжылдық тәжірибемді жаңа деңгейде жүзеге асыруға берілген маңызды мүмкіндік әрі үлкен кәсіби жауапкершілік.

Бұған дейін басқа спорт федерацияларында да жұмыс істедіңіз бе? Жалпы, әр спорт түрінің психологиялық тұрғыдан өзіндік ерекшеліктері бар ма?
– Бұған дейін басқа спорт федерацияларында ресми түрде қызмет атқарған жоқпын. Дегенмен мен жұмыс істеген мекемеде спорттың 13-14 түрі қамтылғандықтан, әртүрлі спорт бағытындағы жас спортшылармен жұмыс істеуге мүмкіндігім болды. Бұл тәжірибе спорт психологиясының ауқымын кеңінен танып, әр спорт түрінің өзіндік психологиялық ерекшеліктерін зерттеуіме жол ашты деп ойлаймын.
Әрине, әр спорт түрінің психологиялық талаптары мен ерекшеліктері бар. Мысалы, бокста спортшыдан батылдық, шешім қабылдау жылдамдығы, қарсыластың әрекетін болжай білу, қысым жағдайында тактикалық ойлау және эмоциясын басқара алу талап етіледі.
Ал күрес түрлерінде физикалық қарсыласумен қатар, тактикалық икемділік, шыдамдылық және жағдайды жылдам бағалау маңызды саналады. Семсерлесу, таеквондо, дзюдо сияқты спорт түрлерінде де зейінді шоғырландыру, реакция жылдамдығы, қарсыластың қозғалысын алдын ала болжау және өзін-өзі реттеу ерекше рөл атқарады.
Спортшылармен жұмысымды ұйымдастыру барысында алдыма белгілі бір спорт түрінің өкілі жазылған кезде, сол спорттың ерекшеліктерін, жарыс ережелерін, жаттығу процесін, спортшыға қойылатын физикалық және психологиялық талаптарды алдын ала зерттеп, дайындалатынмын.
Өйткені спортшының жағдайын дұрыс түсіну үшін, оның қандай спортпен айналысатынын ғана емес, сол спорттың ішкі ерекшеліктерін де білу қажет деп санаймын.
Уақыт өте келе, бұл менің кәсіби қызығушылығымды одан әрі арттырып, әр спорт түрінің психологиясын тереңірек зерттеуге деген құлшынысымды күшейтті.
Менің жеке пікірім әрі ұстанымым бойынша, спорт психологиясында ортақ заңдылықтар болғанымен, барлық спортшыға бірдей әдіс қолдануға болмайды. Әр спортшының тұлғалық ерекшелігі, мінезі, темпераменті, мотивациясы, психологиялық төзімділігі және спорт түрінің талаптары ескерілуі маңызды.
Сондықтан спорт психологының міндеті – дайын үлгіні қолдану емес, спортшының жеке психологиялық ерекшеліктеріне және айналысатын спорт түріне сәйкес жұмыс жүйесін қалыптастыру.
Қазақстан қоғамында психологқа жүгінуді әлі күнге дейін әлсіздіктің белгісі деп қабылдайтындар бар. Осы тұрғыдан алғанда, боксшылар сізді қалай қабылдады? Спортшылар көбіне қандай психологиялық қиындықтарға тап болады?
- Ұлттық құрамадағы спортшылардың арасында мені бұрыннан танитындар да болды. Ал кейбірімен алғаш рет таныстым. Әрине, психолог мамандығына және спортшылармен психологиялық жұмыс жүргізуге қатысты көзқарастар әртүрлі болды. Бірі сеніммен қабылдаса, енді бірі белгілі бір күмәнмен қарады. Мұны табиғи құбылыс деп қабылдадым. Өйткені қоғамда психологқа жүгінуге қатысты қалыптасқан оң және теріс түсініктер әлі де бар.
Мен жұмысқа кіріскен кезде спортшылардың жаттығу режимі, дайындық жоспарлары мен қалыптасқан жұмыс ырғағы бар болатын. Сондықтан қысқа мерзімде жаңа талаптар енгізіп, қалыптасқан жүйені өзгертуден гөрі, сол жұмыс тәртібін қолдап, оған психологиялық дайындықты біртіндеп кіріктіруді дұрыс деп санадым.
Бастапқыда психологтың көмегіне өздері жүгінген спортшылармен және ұйымдастырылған психологиялық сабақтарға тұрақты қатысқан боксшылармен жұмысты жалғастырдым.
Біреудің сенімін сөзбен емес, нақты жұмыс нәтижесімен қалыптастыру маңызды деп білемін. Жаттықтырушылар мен спортшылар тарапынан әртүрлі пікірлер болғанымен, оны кәсіби тұрғыдан дұрыс қабылдап, өз жұмысымды жалғастыра бердім.
Ал спортшылар арасында жиі кездесетін психологиялық қиындықтарға жарыс алдындағы қобалжу, жеңіліп қалудан қорқу, өзіне деген сенімсіздік, жоғары жауапкершіліктің қысымы, эмоцияны басқара алмау және жекпе-жек барысында зейінді сақтай алмау сияқты мәселелерді жатқызуға болады.
Осы орайда өз ұстанымымды айта кетейін. Менің маман ретіндегі мақсатым – спортшының әлсіз тұстарын іздеу емес, оның бойындағы маңызды ресурстарды анықтап, өз әлеуетін толық ашуына көмектесу.
Психологиялық дайындық та физикалық дайындық секілді күнделікті қалыптасуы тиіс. Өйткені рингте спортшының тек физикалық күші ғана емес, сол күшті дұрыс сәтте, дұрыс бағытта қолдана білу қабілеті де шешуші рөл атқарады.

Үлкен спортта физикалық дайындық пен тактика маңызды рөл атқаратыны белгілі. Дегенмен спортшының мінезі, темпераменті мен психологиялық ерекшеліктері де нәтижеге әсер етеді. Ұлттық құрамаға келгеннен бері осы бағытта қандай өзгерістер енгіздіңіз деп ойлайсыз?
- Ұлттық құрамаға келгеннен бері түбегейлі жаңа бағыттар енгіздім деп айта алмаймын. Себебі, ұлттық құраманың өзіндік қалыптасқан дайындық жүйесі, жаттығу тәртібі мен жұмыс жоспары бар.
Дегенмен жұмыс процесін ұйымдастыратын мамандарға, соның ішінде бас бапкерлерге психологиялық жұмысты жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстарым мен жоспарларымды ұсындым.
Ал жеке спортшылармен жұмыс барысында олардың өз психологиялық ерекшеліктерін түсінуіне, мінезі мен темпераментінің жекпе-жек кезіндегі әрекеттеріне әсерін бағалауына, эмоциясын басқаруына және психологиялық дайындығына жауапкершілікпен қарауына бағыт-бағдар бердім деп есептеймін.
Мұның алғашқы нәтижелерін Азия чемпионатынан кейін байқай бастадым. Спортшылардың бірқатары өздері жеке хабарласып, түрлі мәселелер бойынша кеңес сұрап, психологиялық қолдау алуға жүгіне бастады. Мен үшін бұл - сенімнің қалыптаса бастағанының белгісі.
Әрине, ұлттық құрамадағы спортшылар саны көп. Сондықтан әрқайсысына бірдей уақыт бөлу оңай емес. Әйтсе де, мүмкіндігінше қолжетімді болуға, спортшылармен адал қарым-қатынас орнатып, олардың сұраныстарына жауапкершілікпен қарауға тырысамын.
Кейде жұмыс уақытымен шектелмей, күндіз де, түнде де кеңес беруге тура келетін кездер болады.
Мен енгізген ең маңызды өзгерістердің бірі – спортшылардың психологиялық дайындыққа деген жеке көзқарасын қалыптастыруға және өз психологиялық жағдайына жауапкершілікпен қарауына ықпал ету деп ойлаймын.
Себебі, психологиялық дайындық психологтың ғана жұмысы емес. Ол ең алдымен спортшының күнделікті кәсіби дайындығының ажырамас бөлігі болуы керек. Қай салада болмасын, жұмыс жоспарлы әрі жүйелі болғанда ғана нәтиже береді деп есептеймін.
Ұлттық құрамада әртүрлі жастағы, тәжірибесі мен мінезі әрқилы спортшылар бар. Олардың әрқайсысына жеке тәсіл қолдану қаншалықты маңызды? Жас боксшылар мен тәжірибелі спортшылардың психологиясында қандай айырмашылықтар байқалады?
- Әр спортшыға жеке тәсіл қолдану – спорт психологиясындағы ең маңызды қағидалардың бірі. Өйткені бір командада жаттығып, бірдей физикалық және тактикалық дайындықтан өтсе де, спортшылардың мінезі, темпераменті, ойлау жүйесі, эмоциялық тұрақтылығы, мотивациясы мен психологиялық мүмкіндіктері әртүрлі болады.
Сондықтан барлығына бірдей психологиялық әдіс қолдану дұрыс нәтиже бере бермейді.
Жас боксшылар мен тәжірибелі спортшылардың психологиясында да өзіндік айырмашылықтар бар.
Жас спортшыларда көбіне өзіне деген сенімділікті қалыптастыру, жеңілісті дұрыс қабылдауды үйрену, жарыс алдындағы қобалжуды басқару, эмоцияны реттеу және өз мүмкіндіктерін тану мәселелері кездеседі.
Олар кейде нәтижеге тым қатты тәуелді болып, бір жеңілістен кейін, өз қабілетіне күмәндануы мүмкін. Олармен жұмыс барысында психологиялық сауаттылықты қалыптастыруға, өзін-өзі тануға және ішкі сенімділікті дамытуға басымдық беріледі. Бұл жерде жас ерекшелік психологиясына да мән берген жөн.
Тәжірибелі спортшыларда жағдай сәл өзгеше. Олардың жарыс тәжірибесі мол, өз мүмкіндіктерін жақсы біледі. Бірақ жоғары нәтиже көрсетуге деген жауапкершілік, бұрынғы жетістіктерін қайталау қажеттілігі, жеңілістен кейінгі психологиялық қысым, жарақаттан кейінгі сенімді қалпына келтіру немесе мансаптық мақсаттарға қатысты мәселелер туындауы мүмкін.
Мұндай спортшылармен жұмыс кезінде олардың қалыптасқан тәжірибесі мен жеке психологиялық ерекшеліктерін ескерген дұрыс.
Бірақ спортшының жасына немесе спорттық дәрежесіне қарап қана қорытынды жасауға болмайды. Кейде жас спортшы психологиялық тұрғыдан өте тұрақты болса, тәжірибелі спортшы белгілі бір жағдайда эмоциялық қолдауды қажет етуі мүмкін.
Сол себепті жұмысты ұйымдастыру кезінде алдымен спортшыға жеке тұлға ретінде қарап, оның ерекшеліктері мен қажеттіліктерін анықтау керек. Содан кейін ғана психологиялық жұмыс бағыты мен тәсілдері белгіленеді.
Спортшыны тек боксшы ретінде емес, өзінің ойы, сезімі, мінезі, қорқынышы, арманы мен мақсаты бар жеке тұлға ретінде қабылдау қажет деп санаймын.
Ұлттық құраманың бас бапкері спортшыларды жігерлендіріп, шешуші сәтте бағыт-бағдар беретін негізгі тұлғалардың бірі. Осы орайда бас бапкерлермен жұмысты қалай үйлестіресіз? Бапкер мен спорт психологының көзқарасы сәйкес келмейтін жағдайлар бола ма?
– Менің ойымша, спортшының жоғары нәтижеге жетуі үшін, бапкер мен спорт психологының жұмысы өзара үйлесімді болғаны тиімді. Себебі, мақсатымыз бір – спортшының әлеуетін толық ашып, жарыс кезінде өзінің мүмкіндігін барынша көрсетуіне жағдай жасау.
Өз тәжірибемде спортшының жеке бапкерімен жұмыс істеуге ерекше мән беремін.
Мысалы, спортшының мінезін, темпераментін, тұлғалық ерекшеліктері мен психологиялық қабылдауын ескере отырып, бапкерге жарыс кезінде немесе жаттығу барысында оны ынталандырудың қандай тәсілдері тиімді болуы мүмкін екені жөнінде жеке ұсыныстар дайындап беретінмін.
Қандай сөздерді, эмоциялық үнді, қарым-қатынас тәсілдерін қолданған дұрыс екенін түсіндіремін.
Әрине, бұл міндетті нұсқаулық емес. Бапкер өзіне тиімді тұстарын қабылдап, өзінің мінезіне, сөйлеу мәнеріне және жұмыс стиліне сәйкестендіріп қолдана алады. Бастысы – спортшыға әсер ету жасанды емес, шынайы болуы керек.
Бапкер мен психологтың көзқарасы кейде сәйкес келмеуі мүмкін. Мен мұны қалыпты жағдай деп санаймын. Себебі, әр маман мәселені өзінің кәсіби тәжірибесі мен көзқарасы тұрғысынан бағалайды.
Мұндай жағдайда бір-бірімізбен ақылдасып, пікір алмасып, екі тарапқа да, ең бастысы, спортшыға пайдалы болатын ортақ шешім іздеген дұрыс.
Мен ешқашан психологтың пікірі міндетті түрде орындалуы керек деген ұстанымда болған емеспін. Керісінше, өзара сыйластық, кәсіби пікірге құрметпен қарау және бір-бірімізді тыңдай білу маңыздырақ.
Жалпы, бапкер мен психолог бір-бірімен бәсекелес емес, бір мақсатқа қызмет ететін мамандар. Сондықтан спортшының нәтижесіне қатысты жауапкершілік те ортақ деп есептеймін.
Бір-біріміздің тәжірибеміз бен пікірімізді бағалай отырып жұмыс істесек, спортшы үшін әлдеқайда тиімді психологиялық орта қалыптастыра аламыз деген ойдамын.
Боксшылармен жұмыс барысында қандай психологиялық әдістерді қолданасыз? Спортшылармен жеке жұмыс жүргізесіз бе? Сіздің көмегіңіз нақты нәтиже берген, ерекше есіңізде қалған жағдайлар болды ма?
- Көпжылдық тәжірибем болғандықтан, қолданатын психологиялық әдістерім өте көп. Менің жұмысым әрдайым спортшыны танудан басталады.
Алдымен психологиялық диагностика жүргізіп, оның тұлғалық ерекшеліктерін, темпераментін, эмоциялық жағдайын, күшті және әлсіз тұстарын анықтаймын. Содан кейін спортшының жеке сұранысына қарай жұмыс жоспарын құрамын.
Жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарының жиі өтуі спортшыларда ұзақ мерзімді стресс пен психологиялық шаршау тудырады. Осындай кезеңдерде қысқа мерзімде психологиялық қолдау көрсету үшін, медитациялық жаттығулар, аутотренинг, гетеротренинг, тыныс алу техникасы және денені сезіну арқылы босаңсу әдістерін қолданамын. Бұған қосымша НЛП терапиясы мен логотерапияны да пайдаланамын.
Әсіресе өз денесін сезінуге қиналатын спортшыларға дұрыс тыныс алуды үйретуден бастаймын.
Ерекше есімде қалған нәтижелер өте көп. Мысалы, үстел теннисінің спортшысы Сарвиноз Миркадированы, сондай-ақ таеквондо, еркін күрес және садақ ату спорт түрлеріндегі топтық жұмыстарды атап өтуге болады.
Бұл бағыттарда жаттықтырушылармен бірлесе отырып, көптеген нәтижелі жұмыстар атқардық деп айта аламын.
Бір ерекшелігі, спорт психологиясындағы еңбектің барлығы бірдей көпшілікке көріне бермейді. Себебі мұнда құпиялылықты сақтау мәселесі де бар.
Кейде спортшылар жетістігін тек өзінің немесе бапкерінің еңбегімен байланыстырады. Мен мұны қалыпты қабылдаймын. Себебі, психологтың жұмысы міндетті түрде көпшілікке танылу үшін емес, спортшының нәтижесіне үлес қосу үшін жасалады.
Мен үшін ең үлкен нәтиже – жұмысымның көпшілікке көрінуі емес, спортшының өзіне сенімді болуы, психологтың немесе басқа маманның көмегіне тәуелді болмай, қиындықтарды өз бетінше еңсеруге үйренуі және жарыс барысында өз мүмкіндігін толық көрсете алуы.
Психологтар арасында жиі айтылатын мынадай сөз бар:
«Мен психологқа сұрағымның жауабын табу үшін келдім. Бірақ әңгіме барысында өз сұрағыма өзім жауап бердім. Сөйтсем, мен бәрін бұрыннан біледі екенмін. Тек соны өзіме мойындататын адам қажет болған екен».

Өткен айда Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарына қатысқан ұлттық құрамамен бірге болдыңыз. Сол жарыста спорт психологы ретінде қандай ерекше сәттерді бастан өткердіңіз? Жалпы, оқу-жаттығу жиыны мен ірі халықаралық жарыс кезіндегі спортшылардың психологиялық жай-күйі қаншалықты ерекшеленеді?
- Әрине, жарыста спортшылар мен жалпы ұйымдастыру жұмыстарына қатысты көптеген ой-тұжырым қалыптастырдым.
Бірақ қысқаша айтсам, спортшылармен көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, жарыс кезіндегі жағдайлар мен үшін мүлдем тосын болған жоқ.
Көпшілік бұл өте үлкен жарыс, маңызды дода, спортшыларға түсетін жауапкершілік ерекше жоғары деген пікірлер айтып жатты. Әрине, оның маңызын жоққа шығармаймын.
Бірақ менің спорт психологиясындағы жеке ұстанымым сәл өзгеше.
Мен үшін спортшының жауапкершілігі тек Азия ойындары немесе әлем чемпионаты сияқты ірі жарыстарда басталмайды. Ол күнделікті жаттығудан, әрбір спаррингтік кездесуден, өзіне қойған мақсатына адал болудан басталады.
Егер спортшы күнделікті жаттығуда өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, әр кезеңді сапалы орындауға дағдыланса, үлкен жарыста да сол жауапкершілікті басқара алады деп есептеймін.
Осы тұста Жәнібек Әлімханұлын атап өткім келеді. Ол спорт мектебінде оқып жүрген кезінде аптаның белгілі бір күнінде тұрақты түрде спаррингтік кездесулер өтетінін білген. Сол күнді асыға күтіп, барлық киімін таза киіп, айнаға қарап, өзіне және қимылдарына сүйсініп, ерекше бір мерекені күткендей күй кешетін болған.
Ұлттық құрамамен бірге болған кезеңде күнделікті жаттығу барысын бақылап жүрдім. Спортшылардың зейінінің шоғырлануын, алаңдаушылығын және өзіне деген сенімін байқауға тырыстым.
Кейбір спортшыларда жаттығу кезінде-ақ зейіннің тұрақсыздығы мен алаңдаушылық байқалып жүрді. Жарыс нәтижелеріне де осындай психологиялық ерекшеліктердің ықпалы болуы мүмкін деп ойлаймын.
Менің байқағаным, кейбір жағдайда психологиялық қажудан гөрі спортшының өзіне деген ішкі сенімсіздігі басымырақ болды.
Бірақ нақты қорытынды жасауға әлі ерте. Себебі, ұлттық құрамадағы жұмысымды тамыз айында ғана бастағандықтан, спортшылардың ұзақ мерзімді психологиялық өзгерістерін толық бағалауға мүмкіндік болған жоқ.
Оның үстіне, қалыптасқан жаттығу режимі мен жұмыс тәртібін бірден өзгертпей, соған бейімделуді жөн көрдім.
Менің ойымша, үлкен жарыстағы психологиялық тұрақтылық сол жарыс басталған күні қалыптаспайды. Ол спортшының күнделікті жаттығудағы тәртібінен, жауапкершілігінен, өзіне деген сенімінен және әрбір тапсырманы орындау мәдениетінен басталады.
Сондықтан спортшыны үлкен жарысқа ғана емес, күнделікті жаттығудың өзіне жауапкершілікпен қарауға үйрету керек.
Бұл бағыттағы пікірлерімді жеке әлеуметтік желідегі парақшаларымда мақала ретінде де жариялап жүрмін.
Бокста жеңілістен кейін спортшының өзіне деген сенімі төмендеп кететін жағдайлар кездеседі. Әсіресе Олимпиада немесе әлем чемпионаты сияқты ірі жарыстардағы сәтсіздіктен кейін боксшыны психологиялық тұрғыдан қалпына келтіру қаншалықты қиын?
- Менің ойымша, спортшыны жеңілістен кейін психологиялық тұрғыдан қалпына келтірудің қаншалықты қиын болатыны оның психологиялық дайындығының қаншалықты ерте қалыптасқанына байланысты.
Бұл жұмыс Олимпиададан немесе әлем чемпионатынан кейін емес, спортшының бала кезінен басталуы керек.
Ең алдымен, спортшыны эмоциясын басқаруға, өзіне деген сенімділікті өзгелердің бағасына тәуелді етпей, өзінің ішкі бағалауы арқылы қалыптастыруға үйрету маңызды.
Әр жаттығу мен жарыстан кейін өз әрекетіне дұрыс талдау жасай білуі қажет.
Менің ұстанымым бойынша, спортшы жеңсе де, жеңілсе де, міндетті түрде өзіндік талдау жүргізуі керек.
Жеңілген кезде өзінің жақсы қасиеттерін жоққа шығармай, қателіктерін көріп, олармен әрі қарай жұмыс істеуді үйренуі тиіс. Ал жеңіске жеткен жағдайда да тоқмейілсімей, жетілдіретін тұстарын анықтауы қажет.
Бұл жұмысты бапкермен бірлесе отырып, жүйелі ұйымдастырған дұрыс деп санаймын.
Ұлттық құрамадағы спортшыларға қатысты тағы бір маңызды мәселені атап өткім келеді. Спортшылардың өздерінің өткен жетістіктеріне, бұрынғы жарыстардағы нәтижелеріне және алдағы мақсаттарына деген көзқарастарын қайта қарастырып отырғаны артық емес.
Кейбір спортшылар бұрынғы жақсы нәтижелерінің әсерінде қалып қояды. Алайда әр жарыстың жағдайы, қарсыласы, спортшының физикалық және психологиялық дайындығы мен көңіл күйі әртүрлі болады.
Сондықтан бұрынғы жеңіс келесі жарыста да дәл сондай нәтиже болады деген кепілдік емес.
Спортшы үшін бір психологиялық күйден екіншісіне, яғни сол сәтте өзіне тиімді әрі нәтижелі күйге саналы түрде ауыса білу де маңызды.
Өкінішке қарай, мұндай өзін-өзі реттеу қажеттілігін әлі де толық түсіне бермейтін спортшылар кездеседі.
Менің пікірімше, спортшы өткен жеңісіне байланып қалмауы керек. Ал жеңілістен кейін өз мүмкіндіктеріне күмәнданбауды үйренуі тиіс.
Әр жарыс жаңа жағдай, жаңа міндет және өзін дамытудың жаңа мүмкіндігі. Нағыз психологиялық тұрақтылық дегеніміз - кез келген жағдайда өз күйін басқара біліп, келесі мақсатқа бағыттала алу қабілеті деп білемін.
Біздің серіктес: Sport12kz
Тахир Хамракулов