2 сағат бұрын

Диас Жиренбаев ISU Гран-при кезеңдеріне қатысу мүмкіндігіне ие болды

Диас Жиренбаев ISU Гран-при кезеңдеріне қатысу мүмкіндігіне ие болды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Диас Жиренбаев Халықаралық конькишілер одағы (ISU) Гран-при сериясы кезеңдерінің қосалқы қатысушылары жаңартылған тізіміне енді, деп хабарлайды Sport12.kz.

ISU жарыс кезеңдерінде жинаған ұпайлар спортшылардың қосалқы тізімдегі орнын анықтау кезінде есепке алынатынын растаған. Бағдарламаның төрт түрі бойынша резервтік тізімдер 22 қазаннан бері алғаш рет жаңартылды.

Ерлер арасындағы жеке сында Диас Жиренбаев 208,68 ұпаймен 23-орында тұр. Қосалқы қатысушылар тізімінің алғашқы екі сатысына бейтарап мәртебеде өнер көрсететін ресейліктер Евгений Семененко (292,09) мен Петр Гуменник (261,76) жайғасқан. Үшінші орында мексикалық Донован Каррильо (240,38) келеді.

Бұл тізімге енген спортшылар негізгі Гран-при кезеңдерінен бас тартқан мәнерлеп сырғанаушылардың орнына қатыса алады. Алайда бұл мүмкіндік серияның қорытынды турниріне қатысты қолданылмайды.

Сонымен қатар Жиренбаев 20–22 қараша күндері Хельсинкиде өтетін Finlandia Trophy турниріне қатыса алмайды. Виза мәселесіне байланысты Семененко жарыстан бас тартқанымен, оның орнына қазақстандық спортшы емес, резервтік тізімде жоғары тұрған израильдік Тамир Куперман шақырылды.

Бұған дейін Қазақстан атынан Гран-при кезеңдерінде Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина өнер көрсетті. Алайда екеуі де жарысты аяқтап, қорытынды турнирге жолдама беретін үздік алты спортшының қатарына кіре алмады.



Біздің серіктес: Sport12kz