10 сағат бұрын
Асаубаева Будапешттегі турнирде америкалық шахматшыға есе жіберді
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Венгрия астанасы Будапеште өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінің жұбаныш кезеңіндегі алғашқы ойын күнін сәтсіз өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Блицтен үш дүркін әлем чемпионы америкалық гроссмейстер Эндрю Хонгпен кездесті. Бірінші ойын күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы 5:15 есебімен жеңіліп қалды.
Асаубаева блиц бойынша алғашқы партияда қара фигуралармен жеңіске жеткенімен, кейінгі үш партияда қатарынан ұтылды. Сондай-ақ рапид форматындағы алғашқы кездесуде де қарсыласына жол берді. Екінші рапид партиясындағы жеңісі есеп айырмасын 5:7-ге дейін қысқартты.
Күннің соңғы партиясы «жылдам классика» ережесі бойынша өтіп, жеңімпазға сегіз ұпай берілді. Ақ фигуралармен ойнаған Бибісара бұл жолы да америкалық шахматшыдан жеңіліп, Хонг басымдығын 15:5-ке жеткізді.
Бұл қарсыласуда турнирдің қорытынды кестесіндегі 19-орын сарапқа салынып жатыр. Матчтың екінші ойын күні 20 қарашада өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Асаубаева шахматтан 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсенмен екі күндік кездесуге қатысып, одан кейін турнирдің жұбаныш кезеңіндегі жарысын жалғастырған болатын.
Біздің серіктес: Sport12kz