2 күн бұрын
Қазақстанда конкурдан Олимпиадаға іріктеу турнирі өтуі мүмкін
Қазақстан келесі жылы конкурдан Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынатын арнайы іріктеу турнирін өткізуге өтінім берді. Бұл туралы Қазақстан ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев Астанада өткен FEI әлем кубогы Еуразиялық лигасы финалының ашылу салтанатында айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан алдағы жылы әлем кубогы кезеңі аясында Олимпиада лицензиялары сарапқа салынатын арнайы турнирді қабылдауға ресми өтінім жолдаған.
Сондай-ақ федерация басшысы биыл елімізде әлем кубогының үш кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғай алатын жас шабандоздар өсіп келеді.
«Республикалық жарыстардың қорытындысы бізге зор үміт сыйлады. Елімізде әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын талантты жас буын өсіп келе жатқанын анық көрдік», – деді Рустам Баялиев.
Айта кетейік, 19-22 қараша күндері Астанадағы «Арғымақ» ат спорт кешенінде конкурдан FEI әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалы өтеді. Жарысқа 30-дан астам шабандоз бен 40-тан аса жылқы қатысады. Қатысушылар қатарында әлем чемпионаты мен Азия ойындарында өнер көрсеткен сәйгүліктер де бар. Қазақстан атынан 18 жылқы сынға түседі.
Біздің серіктес: Sport12kz