10 сағат бұрын
Қазақстанда ат спортының дамыуы таразыланды
Фото: ҚР Ат спорты федерациясы
FEI президенті Ингмар Де Вос ҚР Ат спорты федерациясының басшысы Рустам Баялиевпен кездесті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Конкурдан Еуразиялық лиганың әлем кубогы финалы өтіп жатқан «Арғымақ» ат-спорты сауықтыру кешенін аралап, аренаның инфрақұрылымымен танысты.
- Мен Астанаға алғаш рет келіп отырмын. FEI-ге басшылыққа келген кезімде өзіме дейінгі президент, мәртебелі ханшайым Хайяның Астанаға сапарынан көптеген суретті көрген едім. Қала мені қатты таңғалдырды. Инфрақұрылымы керемет, өте заманауи шаһар. Елордамен танысуымды одан әрі жалғастыруды асыға күтемін. Федерацияның жаңа басшысы мен оның командасы басшылығымен еліңізде ат спорты айтарлықтай дамып, жаңа деңгейге көтерілді деп ойлаймын. Жарыстарды әлі тамашалап үлгермедім, бірақ алдағы Гран-при бәсекесін асыға күтемін, - деді Ингмар Де Вос.
Қазақстан үшін FEI-мен ынтымақтастық – ат спорты саласын дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі. Соңғы жылдары еліміз халықаралық байланысты кеңейтіп, ұлттық федерацияның институционалдық әлеуетін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, ұлттық құраманың 20 жылдық үзілістен кейін конкурдан Азия ойындарына қатысуы, FEI аясындағы халықаралық жарыстардың өткізілуі және конкурдан Еуразиялық лиганың іске қосылуы – отандық ат спортының дамуындағы маңызды кезеңдер.
Кездесу барысында тараптар алдағы ынтымақтастықты нығайту, спорт инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, ұлттық федерацияны қолдау және қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, Ингмар Де Вос Астанада өтетін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің жиынына қатысады.
Біздің серіктес: Sport12kz