5 сағат бұрын
«Жетісу» Үндістандағы халықаралық турнирде жүлдесіз қалды
Волейболдан Қазақстан чемпионы «Жетісу» CAVA Men’s Volleyball League 2026 турнирін төртінші орынмен аяқтады.
Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандық клуб қола жүлде үшін өткен кездесуде үндістандық «Телугу Блэк Хоксқа» 1:3 есебімен есе жіберді.
Матчтың алғашқы партиясында алаң иелері 25:23 есебімен басым түсті. Екінші сетте «Жетісу» 25:21 есебімен жеңіп, есепті теңестірді. Алайда қалған екі партияда үндістандық команда 25:17 және 25:22 есебімен жеңіске жетіп, қола медальді иеленді.
Қазақстандық клуб топтық кезеңде төрт матчтың үшеуінде жеңіске жеткен еді. «Жетісу» «Телугу Блэк Хоксты» 3:1, «Мумбаи Метеорсты» және «Бенгалуру Торпедосты» 3:0 есебімен ұтты. Тек Иранның «Фулад Сирджан» командасына 0:3 есебімен жол берді.
Алайда жартылай финалда талдықорғандықтар топтық кезеңде өздері жеңген «Бенгалуру Торпедосынан» 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Қола жүлде үшін кездесуде де қарсыласына жол берген Қазақстан чемпионы турнирді төртінші сатыда тәмамдады.
Айта кетейік, жарыстың финалында «Бенгалуру Торпедос» пен «Фулад Сирджан» кездеседі.
Біздің серіктес: Sport12kz