11 минут бұрын
Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатын ірі жеңіспен бастады
Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Алматыда өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы турында Австралияны 37:18 есебімен жеңді.
В тобындағы матч «Достық» спорт кешенінде өтті. Ойынның алғашқы минуттарынан басымдық танытқан қазақстандық гандболшылар қарсыласына мүмкіндік бермей, 19 доп айырмасымен жеңіске жетті. Осылайша, ұлттық құрама құрлықтық додадағы алғашқы екі ұпайын еншіледі.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 24 қарашада Үндістанға қарсы өткізеді. Одан кейін топтық кезеңде Оңтүстік Корея және Өзбекстан құрамаларымен өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы XXI Азия чемпионаты 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматыда өтеді. Турнирге он құрама қатысып жатыр. Жарыс қорытындысы бойынша үздік төрт команда 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.
Қазақстан әйелдер құрамасы бұған дейін Азия чемпионатында екі рет топ жарған. Ұлттық құрама 2002 және 2010 жылдары Алматыда өткен құрлықтық додада алтын медаль жеңіп алды. Ал 2024 жылғы чемпионатта қола жүлдеге ие болды.
Біздің серіктес: Sport12kz