27 минут бұрын
Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында Үндістаннан басым түсті
Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Алматыда өтіп жатқан Азия чемпионатында Үндістан командасын 33:27 есебімен жеңді.
Кездесуде қазақстандық спортшылар қарсыласынан алты доп айырмасымен басым түсті. Осылайша ұлттық құрама құрлық біріншілігіндегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін Қазақстан командасы Австралияны 37:18 есебімен ұтқан еді.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі келесі матчын 25 қарашада Өзбекстанға қарсы өткізеді. Ал 28 қарашада Оңтүстік Кореямен кездеседі. Бұл ойын топтық кезеңдегі соңғы матч болады.
Айта кетейік, Қазақстан В тобында өнер көрсетіп жатыр. Бұл топта Өзбекстан, Үндістан, Австралия және Оңтүстік Корея құрамалары бар. Ал А тобына Жапония, Иран, Қытай, Таиланд және Гонконг командалары түскен. Әр топтан үздік төрт құрама ширек финалға шығады.
Алматыда өтіп жатқан Азия чемпионатында 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатының төрт жолдамасы сарапқа салынады. Турнир қорытындысы бойынша үздік төрт команда әлемдік додаға қатысу құқығына ие болады.
Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында екі рет жеңімпаз атанған. Ұлттық құрама 2002 және 2010 жылдары Алматыда өткен жарыста алтын медаль иеленді. Ал 2024 жылғы құрлық біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізді.
Біздің серіктес: Sport12kz