4 сағат бұрын
150-ден астам теннисші ATP-ның жаңа жоспарына қарсы шықты
Ерлер арасындағы кәсіби теннис турының 150-ден астам ойыншысы Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) басшылығына ашық хат жолдап, жұптық сындағы өзгерістерге қатысты ұсыныстарды қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ұсыныстарға сәйкес, 2028 жылдан бастап ATP турнирлеріндегі жұптық сайысқа қатысатын командалар саны екі есе қысқаруы мүмкін. «Мастерс» санатындағы жарыстардың негізгі кезеңінде 16 жұп қана қалса, ATP 500 және ATP 250 турнирлерінде сегіз жұптан өнер көрсетеді деп жоспарланған.
Сонымен қатар жұптық сындағы ойыншыларға бөлінетін жүлде қорының үлесі 20 пайыздан 10 пайызға дейін азаюы мүмкін. Босаған қаражатты жекелей сындағы теннисшілерге бағыттау көзделген.
«Қазіргі жоспарлар жұптық сындағы жүлде қорынан жекелей сындағы ойыншыларға шамамен 20 миллион доллар қайта бөлуді қарастырады. Бұл жұптық сындағы мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін едәуір қысқартады. Соның салдарынан талантты ойыншыларға жұптық сында мансап құру және оны жалғастыру әлдеқайда қиындайды. Кәсіби спорт тек санаулы жұлдыздарға ғана сүйенбеуі керек. Ойыншылардың дамуына, жарыстарға қатысуына және табыс табуына мүмкіндік қажет», — делінген ашық хатта.
Өтінішке 20-дан астам ұлттық теннис федерациясы мен спорт ардагерлері де қол қойған.
Өз кезегінде ATP жұптық сындағы жарыстар турдың маңызды бөлігі болып қала беретінін мәлімдеді. Ұйымның айтуынша, өзгерістерді талқылаудағы мақсат — жұптық сайыстың болашақта тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Біздің серіктес: Sport12kz