1 күн бұрын
Астанада теннистен журналистер арасында турнир өтеді
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
19 желтоқсанда Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен блогерлер арасында BAQ OPEN 2026 қысқы теннис турнирі өтеді. Жарысты Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Турнир Beeline Arena теннис орталығының хард төсенішті корттарында өтеді. Жарыс тенниске қызығушылық танытатын медиа саласының өкілдерін біріктіреді.
Жарыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар топтарға бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойнайды. Оның қорытындысы бойынша плей-офф кезеңіне өткен теннисшілер анықталады. Шешуші кезеңде матчтар «Мастерс» және «Фьючерс» санаттары бойынша өтіп, жүлделі орындар сарапқа салынады. Әйелдер арасында жарыс тек «Мастерс» санатында өтеді.
Әр матч алты геймге дейін ойналатын бір сеттен тұрады. Геймдегі есеп тең болған жағдайда шешуші ұпай ойнатылады. Ал есеп 6:6 болғанда, кемінде екі ұпай айырмашылығымен жеті ұпайға дейін тай-брейк өткізіледі.
Турнирге Қазақстаннан және басқа елдерден журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен блогерлер қатыса алады. Негізгі талап – қатысушылардың медиа саласында кәсіби қызмет атқаруы.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық теннисші Александр Шевченко Швеция астанасында өтіп жатқан ATP 250 жарысының алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.
Біздің серіктес: Sport12kz