15 сағат бұрын
Елена Рыбакина 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықты бастады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина ұлттық құрама сапында өнер көрсету және 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындалу үшін жарыс күнтізбесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.
ҚазАқпараттың мәліметінше, теннисшінің командасы жаңа маусымға арналған жарыс кестесін жасауда спортшының денсаулығын басты назарда ұстамақ. Сонымен қатар халықаралық ірі турнирлер мен ұлттық құрама сапындағы кездесулерді қатар алып жүрудің тиімді жолдарын қарастырады.
“Олимпиада жылы жақындап келе жатқандықтан, ұлттық құрама сапында ойнаудың барлық мүмкіндіктерін қарастырамыз. Жарыс күнтізбесін мұқият жоспарлап, денсаулығыма ерекше көңіл бөлеміз. Ірі турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, құрама сапында өнер көрсетуге және Олимпиадаға дайындалуға мүмкіндік беретін оңтайлы жолды іздейміз”, – деді Рыбакина Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші еліміздің әр өңіріндегі жанкүйерлердің қолдауы өзіне күш беретінін атап өтті.
“Кортқа көзі жанып, сеніді ойнауды армандап келетін балаларды көргенде ерекше қуанамын. Олар үшін бұл – үлкен оқиға. Өзімнің бала кезімді еске алсам, сол уақытта теннис жұлдыздарымен бірге ойнауға мұндай мүмкіндік болмаған шығар. Қазір Қазақстанда теннис қарқынды дамып келеді. Түрлі турнирлер ұйымдастырылып, шеберлік сабақтары өткізіледі. Ең бастысы, тек теннис емес, жалпы спорт саласы да дамып жатыр. Бұл маған үлкен мотивация береді. Кейде қиындықтарға тап болғанда, еңбегімнің тек өзім үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін де маңызды екенін ойлаймын. Сондықтан Қазақстанға әр келген сайын қуаныштымын”, – деді спортшы.
Біздің серіктес: Sport12kz