09.11.2026
Президент Азия ойындары және Азия параойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында топ жарған және жүлделі орындарға ие болған спортшыларды марапаттау рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы Олимпиадаға дайындықты күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшыларды халықаралық жарыстардағы табыстарымен құттықтады. Президент әрбір медальдің артында жылдар бойғы дайындық, қажырлы еңбек пен табандылық тұрғанын айтты.
«Бұл – Қазақстан үшін зор мақтаныш сезімін тудыратын үлкен жетістік! Ұлттық құрамамыздың табандылығының арқасында Азия ойындарының ареналарында еліміздің Әнұраны бірнеше рет шырқалып, көк Туымыз биікке көтерілді. Спортшыларымыздың әрбір жеңісі мен үшін нағыз отаншылдықтың көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.
Президент чемпиондар мен жүлдегерлердің жас ұрпаққа үлгі болатынын да атап өтті. Оның айтуынша, жоғары спорттық жетістікке жеткен атлеттер үлкен жауапкершілік арқалайды.
«Еліміз үшін әрбір медальдің құны мен маңызы ерекше. Чемпион атағы спортшыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген әрбір атлеттің жолы кәсіби спортты таңдаған жастарға үлгі. Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы бес жылда Қазақстанда спортты дамытуға 616 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Азия Пара ойындарында 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың жетістігін ерекше атап өтті.
Президент спорттың елдің халықаралық беделін арттырудағы маңызына да тоқталды. Қазақстан 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттарын қабылдайды. Бұдан бөлек, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді.
Ал көктемде Астанада УЕФА-ның 51-конгресі ұйымдастырылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан спортының халықаралық беделі мен әлеуеті жоғары. Ендігі міндет – бұдан да үздік нәтижелерге қол жеткізу.
«Алдымызда төрт жылдықтың басты спорттық додасы – Лос-Анджелес Олимпиадасы тұр. Осы ауқымды жарысқа дайындықты қазірден бастап ең жоғары деңгейде жүргізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Ол Олимпиадаға дайындық жұмыстарына спортшылармен қатар, салалық министрлік пен спорт федерациялары да белсенді қатысуы керектігін атап өтті.
Біздің серіктес: Sport12kz