Сыйлық

Бүгінгі күннің бонустары

Olimpbet қосымшасын пайдалан Өту
Біз тіркелгенің үшін 100 000 бонус береміз Өту
Olimpbet Видеореп

23.07.2026

Кениялық легионерлер неліктен Қазақстанда жаттығу жасамайды? Жеңіл атлетика федерациясының өкілі жауап берді

Кениялық легионерлер неліктен Қазақстанда жаттығу жасамайды? Жеңіл атлетика федерациясының өкілі жауап берді

sport12.kz коллажы

Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бұл – қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарына іріктеу жарысы. Сол үшін елордаға еліміздің кіл мықтылары бас қосты.

Биылғы біріншілікте кениялық легионерлер Кэролайн Дейзи мен Шадрик бақ сынауда. Сонымен қатар әйелдер арасындағы биіктікке секіруде үш спортшы – Надежда Овчинникова, Елизавета Дубовицкая және Матвеева өзара бәсекеге түседі.

Осы орайда Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина спортшылардың даярлығына қатысты бірқатар мәселе көтерді. Оның айтуынша, бұл біріншілікке де үш облыстан спортшылар қатыспаған.

– Биылғы біріншілікке еліміздің 17 өңірінен 250-ден астам спортшы қатысып жатыр. Өкінішке қарай, Қызылорда, Ұлытау және Атырау облыстарынан ешбір спортшы қатыспады, – деді Нұрғазина.

– Бұл өңірлерде жеңіл атлетиканың дамымауына не себеп деп ойлайсыз?

– Қазақстанның кез келген өңірінде жеңіл атлетикамен айналысуға табиғи мүмкіндік бар. Мәселе ауа райында емес.

Басты проблема – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Бізге ең алдымен халықаралық талапқа сай стадиондар қажет. Қыс мезгілінде жаттығатын манеждердің тапшылығы да бар, бірақ ең өзекті мәселе – жазғы стадиондардың жетіспеуі.

Қазіргі таңда халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алатын стадиондар өте аз. Соның бірі – Астанадағы университеттің жаңа стадионы. Екіншісі – жақында ғана күрделі жөндеуден өткен Шымкент қаласының стадионы.

Ал Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығы қазір қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты жабық. Алматыдағы Орталық стадионда жарыс өткізуге болады, бірақ онда футбол матчтарының кестесіне байланысты қиындықтар жиі туындайды.

Сондықтан елімізде жеңіл атлетикадан ірі жарыстар өткізуге арналған алаңдардың тапшылығы анық сезіліп отыр.

– Ұлттық құрама қазір оқу-жаттығу жиындарын қайда өткізеді?

– Жақында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатына дайындық Алматыдағы Орталық стадионда өтті.

Алдағы уақытта Астанадағы университет базасын пайдалану жоспарда бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда халықаралық талаптарға сай дайындық жүргізуге болатын басқа орындар өте аз.

Шетелде көбіне Түркияда дайындаламыз. Биыл мамыр айында онда 35 күндік оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан да біз үшін қолайлы дайындық базаларының қатарында.

– Азия ойындарына баратын құрамды жасақтауда жастар арасындағы Азия чемпионатының нәтижелері ескеріле ме?

– Әрине. Мысалы, U23 Азия чемпионатында қола жүлде алған Ясмина Тоқсанбаева жастар құрамасының мүшесі болғанымен, Азия ойындарына қатысады.

Сонымен қатар жақын күндері U20 жас санатындағы әлем чемпионаты басталады. Онда Максим Сажнев өнер көрсетеді. Ол – болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшыларымыздың бірі.

Негізі Азия ойындарына қатысатын құрамның басым бөлігі анықталған. Тек биіктікке секіруден үш спортшының ішінен екеуі таңдалады. Ал кениялық спортшылардың қай қашықтықта – 5000 немесе 10000 метрге жүгіретіні осы чемпионат барысында нақтыланады.

– Қазақстан жеңіл атлетикасы Азиядағы жетекші елдердің бірі саналған еді. Алдағы Азия ойындарынан қандай нәтиже күтесіздер?

– Соңғы екі олимпиадалық циклде біздің жеңіл атлетика бұрынғыдай қарқынды дамып жатыр деп айта алмаймын.

Ольга Рыпакова спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Олимпиада ойындарында жүлде ала алмадық. Әлем чемпионаттарындағы нәтижелеріміз де төмендеді. Соңғы рет 2022 жылы Нора Джеруто мен Дубовицкая жүлдеге ілінген болатын.

Қазір басты мақсатымыз – жас резервті қалыптастыру. Болашақта жастар құрамасына көбірек көңіл бөлеміз.

– Кениялық спортшылар Қазақстанда емес, өз елінде дайындалатыны белгілі. Мұның себебі неде?

– Бұл сұрақ жиі қойылады. Кениялық спортшылар теңіз деңгейінен шамамен 2500-2700 метр биіктікте жаттығады. Егер олар Қазақстанға келсе, сол табиғи дайындық деңгейін жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан олардың Кенияда дайындалғаны әлдеқайда тиімді.

Бізде мұндай тәжірибе болған. 2023 жылы бас бапкер Дмитрий Карпов Азия ойындарының алдында кениялық спортшыларды бір жарым ай бұрын Алматыға алып келген еді. Бірақ нәтиже күткендей болмады. Нора Джеруто да, Кэролайн Дейзи де үшінші орынмен шектелді.

Содан бері оларды өз елінде дайындау тиімді деген шешімге келдік.

– Азия ойындарына қатысты федерацияның медальдық жоспары қандай?

– Әрбір кешенді жарыс алдында министрлікке медальдық жоспар ұсынылады. Біз федерация ретінде бір алтын, бір күміс және екі қола медаль алуды жоспарлап отырмыз.

Әрине, алтын медаль алу оңай болмайды. Бірақ «үмітсіз - шайтан» деген сөз бар. Сондықтан ең жоғары нәтижеге ұмтылуымыз керек.

– Нора Джерутоның да жасы ұлғайып келеді. Одан қалды үзіліс алды. Оның алтын алуға мүмкіндігі қандай?

– Рас, Нора қазір тәжірибелі спортшылардың қатарында, жасы да 30-дан асты. Дегенмен федерация ретінде біз әрқашан ең жоғары нәтижені мақсат етіп қоямыз.

Қазірден бастап күміс немесе қолаға ғана үміт артамыз деп айту дұрыс емес. Біз алтын медаль үшін күресеміз. Бір алтын алсақ та, бұл біз үшін үлкен жетістік болады. Ал күміс пен қола жүлделерге де қол жеткіземіз деген сенімдеміз.


Біздің серіктес: Sport12kz