6 сағат бұрын
Асланбек Шымбергенов карьерасын аяқтады ма? Боксшының өзі жауап берді
ҚР ҰОК
Қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасынан кейін шаршы алаңға шықпаған еді. Осы уақыт аралығында жанкүйерлер спортшының қайда жүргенін, кәсіби мансабына қатысты сұрақты жиі қоя бастады.
Белгілі боксшы бұл сауалдарға жауап беріп, қазіргі қызметі мен болашақ жоспары туралы айтты.
Қазір Асланбек Шымбергенов Тараз қаласында тұрады. Ол бүгінде Жамбыл облыстық кәсіпқой бокс клубы басшысының орынбасары қызметін атқарып жүр.
«Қазір Тараздамын. Жамбыл кәсіпқой бокс клубы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеймін», – деді боксшы.
Оның айтуынша, бұл қызметке биыл тағайындалған. Ал оған дейін Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек еткен.
Клуб атауы «кәсіпқой бокс» болғанымен, мұнда негізінен әуесқой бокстағы болашағынан үміт күттіретін спортшылармен жұмыс жүргізіледі.
«Біз ұлттық құрамаға іліккен, болашағы бар боксшылармен жұмыс істейміз. Негізінен Жамбыл облысының спортшылары. Оларға жағдай жасап, айлық төлейміз. Кезінде бізге де осындай қолдау болған», – деді Асланбек.
Оның сөзінше, клубта әртүрлі жас санатындағы 130-ға жуық боксшы бар.
«Басты мақсатымыз – Жамбыл облысынан мықты боксшылар шығару. Құрама сапында ел намысын асқақтататын саңлақтарымыздың санын арттыру», – деді ол.
Асланбек бүгінде әкімдік пен спорт басқармасына қарасты мемлекеттік құрылымда жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен қатар ұйым Қазақстан бокс федерациясымен де тығыз байланыста.
Сұхбат барысында спортшы өзінің ұлттық құрамадағы болашағына қатысты да пікір білдірді. Себебі ол Париж Олимпиадасынан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Сөйте тұра ол әзірге мансабын аяқтағаны туралы нақты шешім қабылдамағанын айтты.
«Қазір ештеңе айта алмаймын. Жарақаттарым бар еді, соны емдеп жүрмін. Денсаулығыма қараймын. Құрамаға ораламын ба, жоқ па – әзірге белгісіз. Карьерамды аяқтадым деп нақты айта алмаймын. Мүмкін аяқтаған шығармын, мүмкін жалғастыратын шығармын», – деді Шымбергенов.
Қазір Жамбыл облысының боксшылары алдағы жарыстарға дайындалып жатыр. Сонымен қатар ел біріншілігінде бақ сынап, ұлттық құрамада өнер көрсету үшін тырысып көреді.
Айта кетейік, Асланбек Шымбергенов 71 келіде өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар құрама капитаны болған.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан