4 сағат бұрын
Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне Данияда билетке сұраныс артты
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының даталық Якоб Банкпен жекпе-жегіне жергілікті жанкүйерлер үлкен қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бокс кеші 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді. Жекпе-жекте екінші орта салмақтағы WBO тұжырымының бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Primetime Boxing промоутері Каспер Хольгерсен билеттерге сұраныс жоғары екенін мәлімдеді.
«Алғашқы 90 секундта 250 мың дат кронына билет сатылды. Ал 15 минут ішінде мыңнан астам жанкүйер трибунадан орын алды. Жарты сағат өтпей-ақ сатылым көлемі миллион кроннан асты. Бұл тіпті ең батыл болжамдарымыздан да асып түсті.
Данияға осындай деңгейдегі әлем чемпиондығы жекпе-жегін әкелу үшін көп жұмыс атқардық. Жанкүйерлердің қызығушылығы біз үшін өте маңызды. Бұл жай ғана бокс кеші емес, адамдар қатысқысы келетін үлкен спорттық оқиға», – деді Хольгерсен.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек Жәнібек Әлімханұлы үшін екінші орта салмақтағы алғашқы айқас болмақ. Бұған дейін қазақстандық боксшы орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған.
Біздің серіктес: Sport12kz