24 сағат бұрын
Бокстан Қазақстан чемпионатының жартылай финалының алғашқы күні қалай өтті?
Фото: Сали Сабиров , Қазақстан ҰОК
Бүгін Тараз қаласында әйелдер арасында жартылай финалдық айқастар өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Күннің басты сенсациялары
Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, 57 келіде Алматы қаласының өкілі Шахназ Исаева әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Карина Ибрагимованы сенсациялық түрде жеңді. Есеп: 3:2.
Аса ауыр салмақта да күтпеген нәтиже тіркелді. Біршама уақыт үзілістен кейін шаршы алаңға оралған 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елдана Талипова осы салмақтың көшбасшысы Валерия Аксеновамен тартысты жекпе-жек өткізіп, жеңісті өз еншісіне жазды. Есеп: 4:1.
Араға 7 жыл салып өткен айқас
54 келіде көпшілік асыға күткен кездесу өтті. Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай мен әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Жайна Шекербекова араға 7 жыл салып, шаршы алаңда қайта жолықты. Тәжірибелі боксшылар арасындағы бәсекеде Назым Қызайбай төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Әлем чемпиондарының сенімді жеңісі
60 келіде әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы Виктория Графеева былтырғы Қазақстан чемпионы Римма Волосенкомен қолғап түйістірді. Нәтижесінде Виктория басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
65 келіде екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева да қарсыласына мүмкіндік қалдырмады. Ол Батыс Қазақстан облысының өкілі Ақнар Ищанованы 5:0 есебімен жеңді.
Тәжірибе мен шеберлік сынға түсті
Ең жеңіл 48 келіде бес баланың анасы Әйгерім Сәттібаева жастар арасындағы Азия чемпионы Айым Тәңкібаевамен (Түркістан обл) жұдырықтасты. Тәжірибелі боксшы шеберлігін көрсетіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
80 келіде Надежда Рябец Азия чемпионы Гүлсая Ержаннан айласын асырды. Қостанай облысының өкілі үш раунд қорытындысында 5:0 есебімен басым түсті.
70 келіде биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Бақыт Сейдіш те сенімді өнер көрсетті. Ол Анастасия Баязитованы (Қостанай обл) жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.
80 келіден жоғары салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері Дина Исламбекова Әсел Тоқтасынмен кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Екінші раундта Дина айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Жекпе-жексіз берілген финал жолдамалары
57 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алина Құдайгенова жекпе-жекке шықпады. Нәтижесінде Ұлжан Сәрсенбек финалға автоматты түрде өтті.
75 келіде де осындай жағдай тіркелді. Жасмин Қизатова U22 санатындағы Азия чемпионы Азиза Исинамен өтетін кездесуге шықпай, қола жүлдеге иелік етті.
Айта кетсек, Тараз қаласында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында әйелдер арасында 10 салмақ бойынша ақтық сынға өткен арулар белгілі болды.
Біздің серіктес: Sport12kz