13 сағат бұрын
Наргис Магау УЕФА Әйелдер чемпиондар лигасының матчына тағайындалды
Фото: ҚФФ
Қазақстандық төрешінің көмекшісі Наргис Магау 2026/27 жылғы УЕФА Әйелдер чемпиондар лигасы аясында өтетін Данияның «ХБ Кёге» және Испанияның «Барселона» командалары арасындағы матчқа тағайындалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Кездесу 2026 жылғы 29 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 21:00-де Данияда өтеді.
Наргис Магау УЕФА тағайындаған халықаралық төрешілер бригадасының құрамында төрешінің көмекшісі қызметін атқарады.
Матчқа келесі төрешілер тағайындалды:
Бас төреші: Волга Блоцкая (Беларусь)
Төрешінің көмекшілері: Наргис Магау (Қазақстан) және Рэйчел Грир (Солтүстік Ирландия)
Төртінші төреші: Марина Живкович
VAR: Елена Йованович Джайич (Сербия)
AVAR: Павле Томич (Сербия)
Бұл тағайындау қазақстандық әйел төреші үшін Еуропаның жоғары деңгейдегі әйелдер клубтық футболында халықаралық тәжірибе жинақтауға берілген тағы бір маңызды мүмкіндік болып табылады.
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) әйелдер төрешілігін дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Федерация әйел төрешілердің кәсіби деңгейін арттыруға, білім алуына, арнайы дайындықтан өтуіне және халықаралық тәжірибе жинақтауына тұрақты қолдау көрсетеді.
УЕФА-ның беделді жарыстарына тағайындалу қазақстандық әйел төрешілердің кәсіби дамуын көрсетіп, олардың тәжірибесін арттыруға, төрешілік стандарттарын жетілдіруге және халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді.
Еске салсақ, футболдан 2026 жылғы Қазақстан кубогының финалы «Түркістан-арена» стадионында өткізіледі.
Біздің серіктес: Sport12kz