22 сағат бұрын
Астанада скаутинг бойынша ҚФФ семинары басталды
Фото: ҚФФ
Астанада 29-31 қазан аралығында Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен «Футбол скаутингі негіздері: «Батыр» әдістемесі бойынша ойыншыларды бақылау және бағалау» атты семинар өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Оған скаутинг жұмысының негізгі қырларын меңгеру үшін 25 тыңдаушы қатысуда. Семинарды ҚФФ-ның ДЮФжИТ департаменті ұйымдастырды.
«Батыр жолы» әдістемесі бойынша скауттар жас футболшының техникасы мен физикалық дайындығына ғана емес, мінезіне де мән береді. Яғни ойын кезінде өзін қалай ұстайды, шешімді қалай қабылдайды және қиын сәттерден қалай шыға алады - осының бәрі бағаланады.
Семинардың алғашқы жартысында қатысушылар теориялық білім алып, матчтардан үзінділерді талдайды. Ал түстен кейін «Футбол үйі» манежіне барып, 2015 жылы туған ойыншылар арасында өтіп жатқан сегіз өңірлік орталықтың турнирін бақылайды. Тыңдаушылар матч барысында көзге түскен футболшыларды белгілеп, күн сайын кешке өздерінің бақылау есебін тапсырады. Ал келесі күні таңертең сол есептерді тәлімгерлермен бірге талқылайды.
Семинарға FIFA-ның футбол таланттарын анықтау жөніндегі халықаралық сарапшысы Стив Морроу да қатысып жатыр. Ол үш күн бойы тыңдаушылармен бірге жұмыс істеп, олардың ойыншыларды қалай бақылайтынын, байқаған тұстарын қалай жазып, қалай бағалайтынын қадағалайды. Сонымен қатар өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби пікірін білдіреді.
Бұл семинар – ҚФФ-ның елдегі талантты жас футболшыларды анықтау жүйесін дамыту бағытындағы жұмысының бір бөлігі. «Батыр жолы» әдістемесі арқылы еліміздің барлық өңіріндегі скауттар ойыншыларды бірыңғай талаптар бойынша бағалап, болашағынан үміт күттіретін футболшыларды анықтайды.
Еске салсақ, Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитеті 2026 жылғы 23 қазанда өткен отырысында Премьер-лига клубтарына қатысты шешім шығарды.
Біздің серіктес: Sport12kz