4 сағат бұрын
Қазақстан Премьер-лигасында қола жүлде кімге бұйырады?
Фото: «Астана» футбол клубы
Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХХ тур ойындары өтеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
15:00. «Ұлытау» (Жезқазған) - «Атырау»
Жезқазғандық команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу міндетін бірнеше тур бұрын шешіп қойды. Есесіне «Атырау» «алдағы жылы үздіктер қатарында қала ала ма» деген сауал бар. Әрине, оны ойын барысында анықтайтын боламыз.
15:00. «Ертіс» (Павлодар) - «Ордабасы» (Шымкент)
Павлодарлық клуб Премьер-лигада қалу үшін жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Дегенмен бұл мәселені әзірге түбегейлі шеше алған жоқ. Сондықтан олар биыл ел чемпионы атанған «Ордабасымен» кездесуде жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысады.
15:00. «Елімай» (Семей) - «Оқжетпес» (Көкшетау)
Соңғы үш жылда «Елімай» командасының тізгінін ұстаған Андрей Карпович бір тур бұрын қызметімен қоштасты. Әрине, алдына үлкен мақсат қойған команда бұл маусымда дегеніне жете алған жоқ. Есесіне «Оқжетпес» өз тарихында алғаш рет қола жүлдеге қол созуы мүмкін. Сол себепті кездесу тартысты өрбитіні анық.
15:00. «Тобыл» (Қостанай) - «Ақтөбе»
Биылғы маусымда екі команда да алға қойған мақсатын орындай алған жоқ. Үздіктер қатарынан көріне алмай, алдағы жылы еурокубоктан тыс қалды. Десе де екі команда арасында текетірес қашанда көпшілік тарапынан қызығушылықты оятады.
15:00. «Жеңіс» (Астана) - «Қайсар» (Қызылорда)
Қызылордалық «Қайсардың» тағдыры қыл үстінде тұр. Бүгін үш ұпай алған жағдайда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуы мүмкін. Ол үшін басты қарсыластары - «Жетісу», «Атырау», «Алтай»жеңіліуі керек. Есесіне елордалық клуб үшін бұл кездесудің ешқандай маңызы жоқ. Олар Премьер-лигадағы бұған дейін орнын сақтап қалды.
15:00. «Каспий» (Ақтау) - «Қызылжар» (Петропавл)
Командалар алдағы жылы да үздіктер қатарында сынға түседі. Соған қарамастан олар бүгін кімнің мықты екенін дәлелдеуге жасыл алаңға шығады. Қандай нәтиже тіркелетінін жасыл алаң төріндегі кездесуде көретін боламыз.
15:00. «Жетісу» (Талдықорған) - «Астана»
Қаржылық қиындыққа қарамастан «Жетісу» әлі де Премьер-лигадағы қалудан үмітін үзе қойған жоқ. Биыл қола жүлде алуды көздеп отырған «Астана» оған мүмкіндік бере ме? Әзірге нақты болжам айтуы қиынға соғады.
15:00. «Қайрат» (Алматы) - «Алтай» (Өскемен)
«Алтайдың» да жағдайы мәз емес. Жеңілістің ащы дәмін татса, үздіктер қатарында қала алмауы ықтимал. Олардың тегеурінді қарсыласына шамасына келе ме? Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин қызметінен кеткеннен кейін футболшылар маусымды жеңіспен қорытындылауға тырысады.
Біздің серіктес: Sport12kz