3 сағат бұрын
Күрес саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі сөз болды
Фото: Қазақстан күрес федерациясы
Астанада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионаты аясында Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен кездесті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Басқосуда екі мемлекет арасындағы спорттық байланысты кеңейту және күрес саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен АҚШ күрес федерациялары арасындағы өзара байланысты нығайтуға назар аударды. Атап айтқанда, спортшыларды даярлау тәжірибесімен бөлісу, халықаралық жарыстар аясындағы ынтымақтастықты кеңейту және екі елдің спорт мамандары арасындағы кәсіби байланысты дамыту жөнінде пікір алмасты.
АҚШ еркін күрестен әлемдік деңгейде жетекші орын алатын мемлекеттердің бірі саналады. Америкалық балуандар Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Сондықтан АҚШ-та қалыптасқан спортшыларды даярлау жүйесі мен халықаралық жарыстардағы тәжірибе Қазақстан күресі үшін де маңызды.
Әңгіме барысында Астанада ұйымдастырылған Әлем чемпионатының халықаралық спорт қауымдастығы үшін маңызына да тоқталды. Тараптар мұндай ауқымды жарыстар спортшылардың өзара бәсекелесуіне ғана емес, мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға және спорт саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар екі елдің күрес саласындағы ынтымақтастығын жалғастырудың маңыздылығы талқыланды. Әсіресе халықаралық спорттық байланыстарды кеңейту мен спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу мәселелеріне көңіл бөлінді.
Кездесу соңында Еркін Оқасов Джули Стаффтке Астанадағы Әлем чемпионатына қызығушылық танытып, кездесуге уақыт бөлгені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Қазақстан күрес федерациясының атынан елшіге естелік сыйлықтар табыстады.
Айта кетейік, күрестен Әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатыр. Әлемнің үздік балуандары грек-рим, әйелдер және еркін күрестен 30 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салуда.
Біздің серіктес: Sport12kz