6 сағат бұрын
Месси «Интер Майамиге» жеңіс сыйлады
«Интер Майами» АҚШ-тың MLS чемпионатындағы сырт алаңдағы матчта «Нью-Инглэнд Революшнды» жеңді. Кездесудің басты қаһарманы аргентиналық шабуылшы Лионель Месси болды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Қазақстан уақытымен 2 қараша күні таңертең Фоксбородағы «Джиллетт» стадионында өткен матч 2:1 есебімен аяқталды. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ал 53-минутта Даниэль Газдаг алаң иелерін алға шығарды.
69-минутта Мессидің пасынан кейін Херман Бертераме есепті теңестірді. Ал 83-минутта аргентиналық шабуылшы Теласко Сеговияның пасын қабылдап, бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, допты қақпаның алыс бұрышына дәл бағыттады.
Матч соңында «Нью-Инглэнд» тағы бір гол соққанымен, VAR тексерісінен кейін офсайдқа байланысты гол есепке алынбады.
Бұл Мессидің MLS-тегі осы маусымдағы 26-голы болды. Сонымен қатар оның еншісінде 16 нәтижелі пас бар. Осылайша аргентиналық футболшы чемпионатта командасының 42 голына тікелей үлес қосып, бұл көрсеткіш бойынша лигада көш бастап тұр.
Жеңістен кейін «Интер Майами» 59 ұпай жинап, Шығыс конференциясында екінші орынға көтерілді. Ал «Нью-Инглэндтің» еншісінде 58 ұпай қалды. Майами клубы осы маусымдағы сырт алаңдағы оныншы жеңісіне қол жеткізіп, 2027 жылғы КОНКАКАФ Чемпиондар кубогына қатысу құқығын қамтамасыз етті.
«Интер Майами» тұрақты чемпионаттағы соңғы кездесуін 8 қараша күні Қазақстан уақытымен сағат 02:00-де «Шарлоттқа» қарсы өткізеді. Бұл матчта жеңіске жетсе, Месси бастаған команда конференция финалына дейін плей-офф ойындарында өз алаңында өнер көрсету басымдығына ие болады.
Біздің серіктес: Sport12kz