2 сағат бұрын
Астанада ҚФФ академиясының алғашқы түлектері марапатталды
Фото: ҚФФ
Елордада жыл сайынғы KFF Awards 2026 салтанатты рәсімі аясында ҚФФ академиясының алғашқы түлектерін – 2010 жылы туған футболшыларды ресми түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
2024 жылы FIFA Talent Development Scheme жаһандық бағдарламасы аясында басталған бұл жоба Қазақстанда жас таланттарды орталықтандырылған жүйе бойынша даярлаудың маңызды кезеңіне айналды.
Талғардағы академия базасында екі жыл бойы бірге тұрып, жаттыққан жас футболшылар алғашқы іріктеуден өтіп, республикалық деңгейдегі жарыстарда өздерін жақсы қырынан көрсетті. 2025 жылғы маусымда академия ойыншылары өздерінен екі жас үлкен қарсыластармен бәсекеге түсіп, QJ League B турнирінің күміс жүлдегері атанды. Ал биыл команда алғаш рет QJ League A жоғары дивизионында өнер көрсетіп, маусымды алтыншы орында аяқтады.
Салтанатты кеш барысында халықаралық сарапшылар мен ресми тұлғалар академия түлектеріне ақжолтай тілектерін жеткізді.
Академияның негізін қалауға атсалысқан сарапшы Стюарт Холл бейнеүндеуінде жобаның тиімділігін толық дәлелдегенін атап өтті.
«Бірге жұмыс істеген жандардың барлығына зор алғысымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта да сіздердің жетістіктеріңізді бақылап отырамын. Болашақта академияда екі, үш, тіпті төрт жас санатындағы ойыншылар қатар білім алып, жаттыға алады. Бұл – мақтан тұтуға тұрарлық жетістік. Баршаңызға сәттілік, зор денсаулық және футболдағы мансаптарыңызға өсу тілеймін», – деді ол.
FIFA-ның футболды жаһандық дамыту бөлімінің жетекшісі Арсен Венгер мен FIFA сарапшысы Стив Мартин де жас футболшыларды дайындықтың маңызды кезеңін аяқтауымен құттықтап, ересектер футболына қадам басу үшін қажет қасиеттерге тоқталды.
«Алғашқы іріктеуден бүгінгі күнге дейін үлкен жолдан өттіңіздер. Енді келесі қадамды жасап, кәсіби клубтарға ауысатын уақыт келді. Бұл – әрқайсыңыз үшін жаңа сынақ. Ең бастысы – қиындықтарды еңсере білу, күрделі сәттерде мінез танытып, сабыр сақтай алу. Кәсіби тұрғыда өсу үшін осындай психологиялық қасиеттер аса маңызды. Сіздерге сәттілік тілейміз!» – деді FIFA өкілдері.
Салтанатты рәсімнің ресми бөлімінде сахнаға Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабы – Джон ван ’т Схип, Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов, сондай-ақ FIFA өкілі Мариан Пахарь көтерілді. Олар ҚФФ академиясының 16 түлегінің әрқайсысына естелік дипломдар табыстады.
Еске салсақ, футболдан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының УЕФА Ұлттар лигасындағы қарсыластары анықталды.
Біздің серіктес: Sport12kz