11 сағат бұрын
«Ақтөбе» Луиш Нани жайында жазба жариялады
Фото: «Ақтөбе» футбол клубы
Қазақстандық «Ақтөбе» командасы әлемдік футбол жұлдызы, португалиялық Луиш Нани жайында жазба жариялады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде команданың әлеуметтік желідегі жазбасында көпшілік назарына ұсынылды.
- «Ақтөбе» футбол клубының намысын қорғаған әлемдік футбол жұлдызы, португалиялық Луиш Нани кәсіби ойыншы мансабын аяқтады.
Биыл ғана «ақ-қызылдар» сапына қосылған әйгілі футболшы аз уақыт ішінде ақтөбелік жанкүйерлердің көзайымына айналып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Нани алаңдағы шеберлігі мен кәсібилігінен бөлек, өзінің қарапайымдылығы, жомарттығы және жанкүйерлерге деген ерекше құрметімен де есте қалды. Ол әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы Ақтөбе қаласына, жергілікті жанкүйерлерге деген жылы ықыласын жиі білдіріп отырды.
Футболшы ретінде үлкен мансабына нүкте қойған Луиш Нани Ақтөбемен қоштасуға асықпайды. Ол келер жылы қаламызға қайта оралып, жанкүйерлермен жүздескісі келетінін жеткізді, - деп жазылған хабарламада.
Нани «Ақтөбе» клубына 2026 жылдың басында қосылды. Ол футболдан 2024 жылдың соңында кеткеннен кейін мансабын қайта жандандырған болатын.
Бұған дейін португалиялық футболшы лиссабондық «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», «Фенербахче», «Орландо Сити», «Валенсия» және «Лацио» клубтарында өнер көрсеткен.
«Ақтөбе» сапында ол барлық турнирлерде 26 матч өткізіп, 3 гол соқты және 5 нәтижелі пас берді. Жалпы алғанда португалиялық футболшы қазақстандық клуб сапында 1 426 минут алаңда болды.
Біздің серіктес: Sport12kz