4 сағат бұрын
Қазақстан кубогының финалы қашан және қайда өтетіні белгілі болды
7 қарашада Түркістан қаласында Қазақстан кубогының 2026 жылғы маусымының финалы өтеді. Шешуші кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» мен Қызылорданың «Қайсар» клубтары өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Финалдық ойын «Түркістан Арена» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады. Матчты Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.
«Ордабасы» финалға дейін «Оңтүстік академиясын» (4:2), «Каспийді» (3:0), «Жетісуды» (1:0) және «Алтайды» (5:2) жеңді.
Ал «Қайсар» шешуші кезеңге жету жолында «Таластан» (2:0), «Қайраттан» (2:1), «Тобылдан» (1:1, пенальти сериясында 5:3) және «Жеңістен» (5:4) басым түсті.
Командалар соңғы рет 11 қазанда Қызылордада кездескен. Сол ойында «Ордабасы» қарсыласын 4:1 есебімен жеңді.
Айта кетейік, 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының қорытындысы бойынша «Ордабасы» чемпион атанды. Ал «Қайсар» турнир кестесінде соңғы орын алып, элиталық дивизиондағы орнын сақтап қала алмады.
Біздің серіктес: Sport12kz