2 сағат бұрын
Португалияда Роналдуға қоштасу рәсімін ұйымдастырғысы келеді
Фото: nytimes.com
Бұл жөнінде Португалия футбол федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Ол толыққанды қоштасу матчы немесе басқа форматтағы шара болатыны жергілікті федерацияның мәлімдемесінде әзірге нақтыланған жоқ.
- Біздің федерация бұл қоштасуды тиісті құрметсіз қалдыруға ниетті емес. Біз Криштиану Роналдудың жарқын мансабына лайықты құрмет көрсететін шараны ұйымдастырып, өткізуге нық және шынайы ниеттіміз. Бұл шарада жанкүйерлер мен бүкіл ел бізге соншама көп нәрсе берген футболшыға тағы да алғыс айтып, онымен қоштаса алады, - деген ойын білдірді федерация.
Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру 1985 жылы 5 ақпанда Португалияның Мадейра аралындағы Фуншал қаласында дүниеге келген.
Роналду кәсіби мансабын Португалияның «Спортинг» клубында бастады. 2002-2003 жылдардағы жарқын ойынынан кейін оны Англияның «Манчестер Юнайтед» клубы шақырды. Манчестерде ол әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналып, алғашқы «Алтын добын» жеңіп алды.
2009 жылы Роналду Испанияның «Реал Мадрид» клубына ауысып, тоғыз маусым бойы команданың басты көшбасшысы болды. Мадридтік кезеңде ол төрт рет Чемпиондар лигасын жеңіп, клуб тарихындағы ең көп гол соққан футболшы атанды.
Кейін португалиялық шабуылшы Италияның «Ювентус» клубында ойын көрсетті. Ал 2021 жылы «Манчестер Юнайтедке» оралды. 2023 жылдан бері ол Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубының намысын қорғап келеді.
Португалия құрамасы сапында Роналду 2003 жылдан бері ойнайды. Алғашқы матчті Қазақстан құрамасына қарсы өткізген болатын. Ол 200-ден астам матчта 130-ден астам гол соғып, әлемдік рекорд орнатты. Құрамамен бірге 2016 жылғы Еуропа чемпионы және 2019 жылы Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды.
Роналду — бес дүркін «Алтын доп» иегері, бес дүркін Чемпиондар лигасының жеңімпазы болды. Оған қоса әлемдік жұлдыз — футбол тарихындағы ең көп гол соққан ойыншылардың бірі.
Айта кетсек, Португалия футбол федерациясы «Алтын доптың» бес дүркін иегері Криштиану Роналдуды ұлттық құрама сапынан уақытша шеттету туралы шешім қабылдады. Бұған футболшының командадан өз бетінше кетуі себеп болған.
Біздің серіктес: Sport12kz