4 сағат бұрын
Футбол клубтарын лицензиялау бойынша жыл сайынғы семинар өткізілді
Фото: ҚФФ
2026 жылғы 19-20 қарашада Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мен ҚФФ ұйымдастыратын 2027/28 жылғы маусым жарыстарына қатысу үшін футбол клубтарын лицензиялау бойынша жыл сайынғы семинар өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Іс-шараға Қазақстан Премьер-лигасының 16 клубының қаржы мамандары қатысты.
Семинар барысында қаржылық лицензиялау талаптарына енгізілген өзгерістер, есептілікті дайындау тәртібі және құжаттарды белгіленген мерзімде тапсыру мәселелері қарастырылды.
ҚФФ-ның қаржылық өлшемшарттар және сапа менеджменті жүйесі бойынша бас сарапшысы Алтынай Сейітова ҚФФ-ның жаңа қағидаларындағы өзгерістерді таныстырып, сондай-ақ УЕФА-ның ерлер және әйелдер футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі 2025 жылғы редакциядағы регламенттерінің негізгі ережелеріне тоқталды.
Семинарға қатысушылар қаржылық есептіліктің жаңартылған нысандарымен, лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерімен және 2027/28 жылғы маусымға арналған құжаттарды тапсыру мерзімдерімен танысты. Қаржылық мониторинг сапасын арттыруға, есептілікті уақытылы тапсыруға және лицензиялау талаптарының бұзылуына жол бермеуге ерекше назар аударылды.
Семинар барысында мамандар клубтардың аудиторлармен өзара іс-қимылы, аудиттен өткен қаржылық есептілікті дайындау кезінде жиі кездесетін қателіктер, сондай-ақ басқа футбол клубтары, қызметкерлер, салық органдары мен әлеуметтік қорлар алдындағы мерзімі өткен берешектің туындауына жол бермеу шараларын талқылады.
Оқытудың жеке бөлімі УЕФА-ның CL/FFP IT BOARD электрондық платформасымен жұмыс істеуге арналды. Клуб өкілдеріне қаржылық ақпаратты толық әрі шынайы енгізу тәртібі, есептілік нысандарын толтыру талаптары және деректерді ұсынудың бақылау мерзімдері түсіндірілді.
Сонымен қатар залалсыздық қағидаты бойынша есептілікті дайындау, мерзімі өткен кредиторлық берешектің жоқ екенін растау және қаржылық лицензиялау өлшемшарттарын сақтау мәселелері қарастырылды. Практикалық мысалдар арқылы қатысушыларға қажетті құжаттар мен қаржылық нысандарды толтыру тәртібі көрсетілді.
Мұндай семинарлар футбол клубтарының қаржы мамандарының біліктілігін арттыруға, қаржылық есептіліктің сапасын жақсартуға және алдағы маусымға арналған лицензиялау рәсімі аясында УЕФА мен ҚФФ талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетсек, «Жеңіс» футбол клубы Мәди Хасейнмен келісімшартты ұзартты.
Біздің серіктес: Sport12kz