5 сағат бұрын
Нұрқанат Серікбаев - Загреб Гран-приінің чемпионы
Фото: olympic.kz
Қазақстан дзюдошысы Нұрқанат Серікбаев Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан әлемдік Гран-при турнирінде топ жарды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Чемпиондық атақ сарапқа салынған финалдық белдесуде отандасымыз бразилиялық Роналд Лимамен кездесіп, қарсыласын уақытынан бұрын иппон ұпайымен ұтты.
66 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол финалға дейін төрт кездесу өткізді. Іріктеу кезеңдерінде бразилиялық Кристиан Силва мен аргентиналық Минору Тамашироны жарыс жолынан шығарды. Одан кейін ширек финалда португалиялық Мигель Нери Гагоны, жартылай финалда италиялық Валерио Аккоглиді қапы қалдырды.
Осы нәтижесімен Нұрқанат Серікбаев Загреб Гран-приінің алтын жүлдегері атанып, Қазақстан намысын абыроймен қорғап шықты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Загребте өтіп жатқан әлемдік Гран-при жарысының алғашқы жарыс күнін 1 алтын, 2 күміспен аяқтады. Бұған дейін Ғалия Тынбаева (-48 кг) мен Аман Бақытжан (-60 кг) күміс жүлдегер атанған болатын.
Айта кетерлігі, Загреб Гран-приіне 66 елден 462 дзюдошы қатысуда. Әлемдік дода 15 қарашаға дейін жалғасады.
Біздің серіктес: Sport12kz