1 сағат бұрын
Жанкүйерлер дзюдодан әлем чемпионы Астана әуежайында күтіп алды
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында бас жүлдеге ие болған Санжар Ерұланұлы Астана әуежайына келді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Елорда әуежайында әлем чемпионы Санжар Ерұланұлы мен жүлдегер Асқар Біржановты жақындары мен бір топ жанкүйерлер Астана әуежайында ыстық ықыласпен күтіп алды.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық дзюдошы финалда Жапония өкілі Шокей Хираноны жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Санжар Ерұланұлы жарыс жолын Германия спортшысы Даниил Спиридоновқа қарсы белдесумен бастап, қарсыласынан басым түсті. Одан кейін Италия өкілі Франческо Маццонды жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Ширек финалда Әзербайжан балуаны Давуд Намазлиді ұтқан отандасымыз жартылай финалда Испания өкілі Никита Юдановтан басым түсті.
Ал алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде жапониялық Шокей Хираноны жеңіп, жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Айта кетерлігі, Санжар Ерұланұлы бұған дейін 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, чемпион атанған болатын. Осылайша, қазақстандық дзюдошы жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алды.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы Ташкентте өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын екі медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте жетінші орынға тұрақтады.
Біздің серіктес: Sport12kz