5 сағат бұрын
Еркебұлан Тоқтар мансабын аяқтауға қанша уақыт қалғанын айтты
Қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтар спорттық мансабын толық аяқтауды жоспарлап отырған мерзімін атады, деп хабарлайды Sport12.kz.
«Біреу маған: “Өзіңді тым жоғары ұстама, екі-үш жылдан кейін саған деген қызығушылық жоғалады”, – деп жазыпты. Екі-үш жыл емес, өзімнің ойымша, бір-бір жарым жыл ғана қалды.
Бір немесе бір жарым жылдан кейін Instagram парақшамды өшіріп, әлеуметтік желілерден мүлде кетемін. Аватарсыз жалған аккаунтпен отыратын боламын. Барлық бизнесімді жолға қойып, Құдай қаласа, ай сайын ақша түсіп тұратындай етемін. Содан кейін жалған аккаунтпен кімнің немен айналысып жүргенін сырттай бақылап отырамын.
Меніңше, ең көбі бір-бір жарым жыл қалды. Одан кейін… Бізде үнемі танымал болып жүру тек Қайрат Нұртасқа ғана бұйырған сияқты. Әрдайым шыңда болу қиын», – деді файтер Instagram желісіндегі сторисінде.
Еркебұлан Тоқтар – Қазақстандағы әлеуметтік желілерде кеңінен танылған спортшылардың бірі. Оның әлеуметтік желілердегі жазылушыларының жалпы саны 2,5 миллионнан асады.
Тоқтар соңғы жекпе-жегін 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad турнирінде өткізді. Ол бокс ережесі бойынша Өзбекстан өкілі Бобиржон Исроиловты екінші раундта нокаутпен жеңді. Жекпе-жек барысында қарсыласын төрт рет нокдаунға түсірді.
Біздің серіктес: Sport12kz