6 сағат бұрын
«Мәселе ақшада». Дана Уайт Ислам Махачев туралы айтты
UFC ұйымының басшысы Дана Уайт Ислам Махачевтің Рамазан айына дейін жекпе-жек өткізуден бас тартып, Карлос Пратес пен Майкл Моралес арасындағы кездесудің жеңімпазын күтуді жөн көрген шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Уайттың айтуынша, Махачев 30 қаңтарда Торонтода өтетін UFC 336 турнирінде жекпе-жек өткізуге ауызша келісім берген. Алайда 24 қазанда өткен UFC 333 турниріне бірнеше күн қалғанда бұл кездесуден бас тартқан.
Енді Карлос Пратес пен Майкл Моралес уақытша чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады.
«Меніңше, Ислам сияқты деңгейге жетіп, осындай жетістіктерге қол жеткізген спортшының алдағы жоспарлары қандай екенін болжау қиын. Әрине, жекпе-жектерге жиі қатысатын спортшылар маған ұнайды. Чемпионнан жылына үш рет октагонға шығуды талап етпеймін. Бірақ екі жекпе-жек өткізсе жақсы болар еді. Әйтпесе, салмақтағы бәсеке баяулай бастайды. Чемпиондық белбеу үшін күресуге мүмкіндік алғысы келетін спортшылар көп», – деді Уайт MMA Junkie басылымына берген сұхбатында.
UFC басшысының пікірінше, спортшылардың қаржылық жағдайы олардың жекпе-жек өткізу жиілігіне әсер етуі мүмкін.
«Меніңше, мәселе ақшаға байланысты. Спортшылар көп ақша таба бастағанда жағдай өзгереді. Жас әрі жетістікке жетуге құштар кезінде олар жиі жекпе-жек өткізгісі келеді, өйткені ақша тапқысы келеді. Ал жеткілікті қаражат жинағаннан кейін октагонға үнемі шығудың қажеті болмай қалады. Оның үстіне, Исламның қандай жетістіктерге жеткеніне қараңыздар», – деп түйіндеді UFC басшысы.
Біздің серіктес: Sport12kz