15 сағат бұрын
Астанада Олимпиада чемпиондары мен спорт ардагерлері бас қосты
Фото: Жазира Нұртаева
Қазақ ұлттық спорт университетінде Қазақстан Спортшылар кеңесі мен Ресей спортшылар одағы өкілдерінің жұмыс жиыны өтіп, екі ұйымның қызметі мен спортшыларды қолдау бағытындағы тәжірибесі талқыланды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Олимпиада чемпиондары мен спорт саласының белгілі өкілдері қатысқан басқосуда жас буынға бағыт-бағдар беру және кәсіби сабақтастықты нығайту мәселелері де назарға алынды.
Ресей спортшылар одағының президенті, Сидней Олимпиадасының чемпионы, еркін күрестен әлемнің және Еуропаның екі дүркін чемпионы Давид Мусульбес бастаған ресейлік делегация құрамында Атланта Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін әрі Еуропа чемпионы Хаджимурад Магомедов болды.
Қазақстан тарапынан Спортшылар кеңесінің төрағасы Азамат Имашев, Лондон Олимпиадасының чемпионы, бокстан әлемнің екі дүркін жеңімпазы Серік Сәпиев, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, жүзуден Азия ойындарының үш дүркін чемпионы Дмитрий Баландин, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елсияр Қанағатов, спорт журналисі әрі жазушы Несіп Жүнісбаев және спорттық гимнастикадан Қазақстан чемпионы Ербол Джантықов қатысты.
Іс-шараның мақсаты – екі елдің спортшылар ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, ардагерлерге көрсетілетін көмекті жетілдіру жолдарын қарастыру. Ашық диалог кезінде студенттер Олимпиада чемпиондарына сұрақ қойып, олардың кәсіби жолы мен өмірлік ұстанымдары туралы мағлұмат алды.
Ресей спортшылар одағының президенті Давид Мусульбес ұйымның қызметін таныстырып, биік мақсаттарға жетудегі табандылық пен үздіксіз еңбектің рөліне тоқталды. Оның пікірінше, талантты шыңдап, нәтижеге қол жеткізу үшін төзімділікпен қатар ғылымға негізделген жүйелі жұмыс қажет.
– Осындай тамаша университетте жастармен жүздесіп, пікір алмасу мен үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі буынның әлеуеті зор. Олар талантты, еңбекқор әрі алдына нақты мақсат қоя біледі. Әр жасқа таңдаған жолында табандылық танытып, арманының орындалуына тілектеспін.
Спорттағы жетістіктің басты шарты - шыдамдылық пен тынымсыз еңбек. Адам күн сайын өзін жетілдіріп, алға ұмтылуы керек. Сонымен қатар ортақ мақсат жолындағы бірлік, ғылым мен жасампаздық та жоғары нәтижеге бастайды, - деді Давид Мусульбес.
Хаджимурад Магомедов студенттерге спорттағы жолы мен чемпиондық атаққа жету барысында түйген ойларын жеткізді. Ол жастардың кәсіби қалыптасуында аға буынның ақыл-кеңесі мен өнегесі маңызды орын алатынын атап өтті.
– Бүгінгі басқосу мазмұнды өтті. Студенттер қызығушылық танытып, көкейдегі сұрақтарын қойды. Біз спорттағы жолымыз туралы әңгімеледік. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен бастамаларды жалғастыру қажет. Университетте жастардың білім алып, спортта шыңдалуына жақсы жағдай жасалған. Ендігі міндет - осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсіби тұрғыдан өсу, - деді Хаджимурад Магомедов.
Қазақстан Спортшылар кеңесінің төрағасы Азамат Имашев екі ұйымның қызметі туралы баяндап, спортшылардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігіне қатысты пікір алмасылғанын жеткізді.
– Ресей спортшылар одағы өз қызметінің негізгі бағыттарын таныстырса, біз Қазақстан Спортшылар кеңесінің жұмысын баяндадық. Студенттердің сұрақтарына жауап беріп, олардың қазіргі спорт индустриясындағы рөлі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі жөнінде ой бөлістік, - деді Азамат Имашев.
Спорт журналисі әрі жазушы Несіп Жүнісбаев болашақ мамандарды таңдаған кәсібін жетік меңгеріп, шығармашылық ізденіске басымдық беруге шақырды.
– Олимпиада чемпиондары мен әлемге танылған саңлақтардың бас қосуы - өскелең буын үшін өнегелі үлгі. Айтар кеңесім - сүйікті істеріңе адал болып, кәсіби біліктіліктеріңді үнемі жетілдіріңдер. Спортта да, журналистикада да биік белестерді бағындыруға ұмтылып, Қазақстанның абыройын халықаралық аренада асқақтатуға атсалысыңдар, - деді Несіп Жүнісбаев.
Айта кетейік, Қазақстан Спортшылар кеңесі шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты нығайтып, спортшылар мен ардагерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қоғамдағы беделін арттыру бағытындағы қызметін жалғастырады.
Біздің серіктес: Sport12kz