1 күн бұрын
Қазақстандық конькимен жүгірушілер әлем кубогының алғашқы кезеңін бір ғана күміс жүлдемен аяқтады
Қытайдың Бейжің қаласында конькимен жүгіруден 2026/27 жылғы маусымдағы әлем кубогының алғашқы кезеңі аяқталды. Үш күнге созылған жарыста Қазақстан құрамасы бір ғана күміс медаль иеленді.
Ұлттық құрамаға жүлде әкелген Кристина Шумекова 1000 метр қашықтықта 1 минут 15,65 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орын алды. Ол 1500 метрде тоғызыншы, 3000 метрде алтыншы орынға тұрақтады.
А дивизионында 500 метрге жарысқан Кристина Силаева алғашқы бәсекеде 11-орынға, екіншісінде 15-орынды қанағат тұтты. Евгений Кошкин осы қашықтықтағы жарыстарды 13 және 15-орындарда аяқтады. Ал Силаева 1000 метрде 20-нәтиже көрсетті.
В дивизионында Алина Дауранова 500 метрдегі екі жарыста тоғызыншы және 12-орын алды. Артур Галиев осы қашықтықта 18-орынға тұрақтап, 1000 метрде 17-нәтиже көрсетті.
1500 метрде Мария Деген 17-орын алса, Инесса Шумекова 18-сатыға жайғасты. Нұралы Ақжол мәреге 20-болып жетті. 1000 метрде Инесса Шумекова 16-орын, Дарья Важенина 21-орын алды. Мария Деген 3000 метрде 14-нәтиже көрсетсе, Вадим Якубовский 5000 метрде 17-орын иеленді.
Командалық із кесу сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы А дивизионында жетінші, ерлер құрамасы В дивизионында алтыншы орын алды. Алина Шумекова масс-стартта тоғызыншы болып мәреге жетті.
Әлем кубогының келесі кезеңі 20-22 қараша күндері Жапонияның Обихиро қаласында өтеді.
Біздің серіктес: Sport12kz