2 күн бұрын
Бхамбри мен Сеггерман Almaty Open-2026 турнирінің чемпионы атанды
Үндістандық Юки Бхамбри мен америкалық Райан Сеггерман жұбы ATP 250 санатындағы Almaty Open-2026 турнирінің жұптық сынында жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Алматыда өткен финалда олар жарыстың бірінші нөмірлі жұбы — австриялық Нейл Оберляйтнер мен Лукас Мидлерді 2:1 есебімен жеңді.
Кездесудің алғашқы екі сеті тай-брейк арқылы аяқталды. Бірінші партияда Бхамбри мен Сеггерман 7:6 (7:3) есебімен басым түссе, екінші сетте австриялық теннисшілер 7:6 (7:1) есебімен жеңіске жетті.
Турнир жеңімпазы супер тай-брейкте анықталды. Онда үндістандық-америкалық жұп 10:2 есебімен сенімді жеңіске жетіп, чемпиондық атақты иеленді.
Айта кетейік, Оберляйтнер мен Мидлер Алматыдағы турнирге бірінші нөмірлі жұп ретінде қатысқан. Олар бұған дейін Шанхайдағы «Мастерс» турнирінде чемпион атанған еді. Қазақстандағы жарыс барысында австриялықтар жергілікті теннисшілер Бейбіт Жұқаев пен Әмір Омарханов жұбын да жарыстан шығарған болатын.
Біздің серіктес: Sport12kz