2 күн бұрын
Елена Рыбакина Қытайдағы турнирде екінші жыл қатарынан чемпион атанды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA турнирінің финалында канадалық Лейла Фернандесті жеңіп, чемпиондық атағын қорғап қалды.
Әлемдік рейтингте 30-орында тұрған Лейла Фернандеспен кездесуде Рыбакина екі сетте де басымдық танытты. Қазақстандық спортшы 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 17 минутқа созылды.
Осылайша, Елена Рыбакина Нинбодағы турнирде екінші жыл қатарынан топ жарды. Былтырғы финалда ол ресейлік Екатерина Александровадан 3:6, 6:0, 6:2 есебімен басым түскен еді.
Бұл – қазақстандық теннисшінің 2026 жылғы төртінші титулы. Сонымен қатар Рыбакина WTA турнирлеріндегі мансабындағы 15-ші чемпиондық атағына қол жеткізді. Ол алғаш рет бір жарыста екі жыл қатарынан жеңімпаз атанды.
Финалға дейін Рыбакина бірнеше қарсыласынан басым түсті. Алғашқы тартыста өзбекстандық Полина Кудерметова 0:5 есебімен ұтылып жатқанда матчты жалғастырудан бас тартты. Одан кейін қазақстандық спортшы польшалық Катажина Каваны 6:1, 3:6, 6:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда ресейлік Диана Шнайдерді 6:3, 7:5 есебімен ұтты.
Ал Лейла Фернандес финалға дейін Элизе Мертенс, Александра Саснович, Екатерина Александрова және Мари Боузкованы жеңді. Жартылай финалда канадалық теннисші чехиялық қарсыласынан 6:3, 7:5 есебімен ұтты.
Біздің серіктес: Sport12kz