3 сағат бұрын
Елена Рыбакина Токиодағы турнирден бас тартты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 1-орын) жарақатына байланысты Токиода (Жапония) өтіп жатқан WTA 500 турнирінен шығып қалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл туралы Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді. Рыбакина 30 қазанда ширек финалда канадалық Лейла Фернандеспен (23-орын) кездесуі керек еді. Алайда қазақстандық теннисші матчқа қатысудан бас тартты.
«Тезірек сауығып кет, Елена! Рыбакина жарақатына байланысты турнирден бас тартқан соң, Лейла Фернандес Токиодағы жарыстың жартылай финалына өтті», – делінген WTA хабарламасында.
Теннисшінің жарақатының нақты сипаты әзірге белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін Рыбакина отандасы Юлия Путинцеваны (67-орын) 6:2, 6:3 есебімен жеңген болатын. Кездесу 1 сағат 10 минутқа созылды. Осы жеңістен кейін қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайтынына кепілдік алды.
Рыбакина мен Фернандес бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде екінші рет кездесуі керек еді. 25 қазанда қазақстандық теннисші Нинбодағы WTA 500 турнирінің финалында канадалық спортшыны 6:2, 6:2 есебімен жеңген болатын. Бұл Елена үшін биылғы маусымдағы төртінші титул еді.
Токиодағы турнирдің жартылай финалында Лейла Фернандес Өзбекстан өкілі Камилла Рахимовамен (66-орын) кездеседі.
Біздің серіктес: Sport12kz