1 сағат бұрын
Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирде тарихи нәтижеге қол жеткізді
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Үндістанның Ченнаи қаласында өтіп жатқан WTA 250 санатындағы турнирдің екінші айналымында жеңіліс тапты, деп хабарлайды Sport12.kz.
Әлемдік рейтингте 473-орында тұрған және іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, негізгі жарысқа жолдама алған қазақстандық спортшы 1/8 финалда әлемнің 160-ракеткасы, жапониялық Маи Хонтамамен кездесті.
Үш сетке созылған тартысты матч Құламбаеваның 6:4, 4:6, 5:7 есебімен жеңілуімен аяқталды.
Теннисшілер кортта 3 сағат 16 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Жібек бірде-бір эйс жасай алмады, жеті рет қос қателік жіберді және 17 брейк-пойнттың сегізін сәтті жүзеге асырды.
Осылайша, Құламбаева ширек финалға бір қадам қалғанда жарыс жолын аяқтады. Дегенмен бұл нәтиже қазақстандық теннисшінің мансабындағы тарихи жетістік болды. Бұған дейін ол жекелей сында WTA 250 санатындағы турнирлердің бірінші айналымынан әрі аса алмаған еді.
Жібек Үндістандағы турнирде жұптық сындағы өнерін жалғастырады. Аустралиялық Габриэлла Да Силва Фикпен бірге ол жарыстың жартылай финалына шығу үшін бақ сынайды.
Біздің серіктес: Sport12kz