2 күн бұрын
WTA-2026 қорытынды турнирінің финалы қашан өтетіні белгілі болды
WTA-2026 қорытынды турнирінің финалында ресейлік Мирра Андреева мен украиналық Элина Свитолина кездеседі, деп хабарлайды Sport12.kz.
Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) ресми кестесіне сәйкес, шешуші матч 15 қарашада жергілікті уақытпен сағат 12:00-де басталады. Бұл Қазақстан уақытымен 16 қарашаға қараған түні сағат 01:00-ге сәйкес келеді. Кездесу Indian Wells Tennis Garden кешенінің екінші стадионында өтеді.
Матч аяқталған соң жеңімпазға Билли Джин Кинг атындағы чемпиондық кубок табысталады. Одан кейін жұптық сындағы финалдық кездесу ойналады.
19 жастағы Андреева финалға дейін бірде-бір сетте жеңілмей, қатарынан төрт жеңіске жетті. Топтық кезеңде ол Свитолинаны, Беларусь өкілі Арина Соболенконы және отандасы Диана Шнайдерді жеңді. Жартылай финалда америкалық Джессика Пегуладан 6:3, 6:4 есебімен басым түсті.
Ал 32 жастағы Свитолина турнирді Андреевадан жеңілумен бастағанымен, кейін қатарынан үш матчта жеңіске жетті. Ол чехиялық Каролина Мухова мен Соболенконы ұтты. Жартылай финалда тағы бір чехиялық теннисші Линда Носковадан 6:2, 6:1 есебімен айласын асырды.
Бұл теннисшілердің өзара төртінші кездесуі болмақ. Қазіргі таңда Андреева 2:1 есебімен алда келеді. Ресейлік спортшы үшін бұл – қорытынды турнирдегі алғашқы финал. Ал Свитолина бұған дейін екі рет шешуші кезеңге жетіп, 2018 жылы чемпион атанған.
WTA-2026 қорытынды турнирінің жалпы жүлде қоры 10 миллион долларды құрайды. Андреева жеңіске жетіп, жарысты жеңіліссіз аяқтаса, қатысу төлемдерін қоса есептегенде 3,37 миллион доллар табыс табады. Ал Свитолина чемпион атанса, 3,14 миллион доллар сыйақы алады.
Біздің серіктес: Sport12kz