7 сағат бұрын
Футболдан Қазақстан құрамасы елордада Словакиямен тең ойнады
Футболдан UEFA Ұлттар лигасының алтыншы турындағы Қазақстан - Словакия кездесуі аяқталды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл ойынға қарсыластар турнир кестесінде түрлі жағдайда жетті. Словакиялық футболшылар бес турдан кейін 11 ұпай жинап, бір тур бұрын плей-офф сатысына жолдама алған еді. Есесіне Қазақстан құрамасы небәрі екі ұпай жинап, төртінші орынға жайғасты. Сондықтан отандастарымыз бұл турнирдегі алғашқы жеңіске қол жеткізу үшін барын салды.
Ойынның 29-минутында қазақстандық Ғалымжан Кенжебектің шығарған пасын әріптесі Ислам Чесноков қақпа торында тулатты.
Оған словакиялық Роберт Боженик 58-минутта бір голмен жауап қайырды.
Арада тоғыз минут өткенде Ғалымжан Кенжбектің берген пасын Ян Вороговский голға айналдырып, Қазақстан құрамасы тағы алға шықты.
Ойынның 97-минутында Адриан Капралик мергендік танытып, кездесудің нүктесін қойды.
Осылайша қос құрама 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Айта кетсек, отандастарымыз Ұлттар лигасында Фарер аралдарымен (1:1, 2:2) екі мәрте тең түссе, Молдоваға (1:2, 1:2) екі мәрте жеңіліп қалды.
Ал Словакияға сырт алаңда 1:2 есебімен есе жіберді.
Бұл топта бүгін Фарер аралдары өз алаңында Молдваны 1:0 есебімен қапы қалдырды.
Алты турдан кейін Словакия 12, Фарер аралдары 8 ұпай жинап, плей-офф сатысына шықты. Одан кейінгі орындардағы Молдованың 7, Қазақстанның 3 ұпайы бар
Біздің серіктес: Sport12kz