6 сағат бұрын
Сенегалда жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті
Фото: olympic.kz
Сенегалда IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Дүбірлі дода тарихта алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Sport12.kz.
Салтанатты шара 55 мың көрерменге арналған Абдулай Вад атындағы стадионда өтті. Ұйымдастырушылар Сенегалдың тарихы мен мәдени мұрасын, сондай-ақ Африка халықтарының салт-дәстүрін көрерменге паш ету мақсатында ауқымды қойылым әзірлеген.
Шоуға мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында елдің әр аймағынан іріктелген 600-ден астам биші бар. Көрермен дәстүрлі африкалық билерді тамашалап, музыкалық және театрландырылған қойылымдарға куә болды. Шара барысында заманауи технологиялар да кеңінен қолданылды. Ұлттық мәдениетке айрықша мән беріліп, салтанатты рәсімге арнап жергілікті шеберлер 1500-ге жуық киім тіккен.
Африка құрлығының тарихы, мәдени әралуандығы, салт-дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығы қойылымның басты тақырыбына айналды. Сонымен қатар бағдарламада құрлықтың тарихи мұрасымен бірге бүгінгі мәдениеті мен жас буынның шығармашылығы да көрініс тапты. «La Quête» және «Alkebulan Live» атты тақырыптық бөлімдерде Африканың тарихы, мәдени байлығы мен өзіндік болмысы таныстырылды.
Ашылу салтанатындағы дәстүрлі рәсімдердің бірі - ұлттық құрамалардың шеруі. Бұл шарада Қазақстанның көк туын дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен волейболшы Әлихан Ағабек алып шықты.
Екеуі де 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жеңімпаздары. Сонымен қатар Фатима Сұпығалиева 2026 жылы кадеттер арасында дзюдодан әлем чемпионы атанған еді.
Олимпиада алауын жағу салтанатты рәсімнің маңызды бөлігіне айналды. Алау 10 қыркүйекте Грекия астанасы Афинадағы тарихи «Панатинаикос» стадионында тұтанып, кейін Сенегалға жеткізілді. «Pass the Energy» («Қуатыңмен бөліс») ұранымен өткен эстафета елдің 14 өңірін қамтыды. Алауды алып жүрушілер қатарында танымал актер Омар Си, блогер Хаби Лейм және Сенегал спортының өкілдері болды. Эстафетаның соңғы кезеңі 30 қазанда Дакар қаласында өтті. Салтанатты шараның ең әсерлі сәті Абдулай Вад атындағы стадионда Олимпиада алауының жағылуы болды. Осы рәсімнен кейін ойындар ресми түрде басталды.
IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына 2000-нан астам спортшы қатысады. Дүбірлі додада 18 қазақстандық 11 спорт түрінен жүлде үшін бақ сынайды.
Айта кетейік, Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасына қатысушыларды анықтау тәртібі өзгерді. Бұл жолы бұрынғыдай арнайы іріктеу жарыстары өткізілген жоқ. Олимпиада жолдамаларын Халықаралық Олимпиадалық комитеті халықаралық спорт федерацияларымен бірлесіп, бекітілген талаптарға сай үлестірді.
Жарыстар Дакар, Диамниадио және Сали қалаларында өтеді. Олимпиада ойындары 13 қарашада аяқталады.
Біздің серіктес: Sport12kz